Атырау облысында модульдік инфекциялық аурухана салынады

0
976

​Толыққанды нәтижеге қол жеткен жағдайда, аурухана құрылысын тамыз айының соңында аяқтау жоспарланған.


Атырау облысында модульдік инфекциялық аурухана салынады

ERNUR.KZ. Атырау облысында тамыз айының аяғына дейін модульдік инфекциялық аурухана салынады. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

"Өңірде көптеген өндірістік кәсіпорын бар, 35 мыңға жуық адам вахталық ауысыммен жұмыс істейді. Аталған мәселелерді ескере отырып, облыс аумағында модульдік инфекциялық аурухананың қажеттілігі туындап отыр", - деді Досмұхамбетов үкімет отырысында.

Ол энергетика министрлігімін бірге Солтүстік Каспий жобасының мердігер компанияларымен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты. Толыққанды нәтижеге қол жеткен жағдайда, аурухана құрылысын тамыз айының соңында аяқтау жоспарланып отыр.

Айтуынша, Атырау облысында, соңғы дерек бойынша, 1 379 адам коронавирус жұқтырған. Соның ішінде Атырау қаласында – 200, аудандар ішінде жоғары көрсеткіш Жылыой ауданында – 1 110, оның ішінде Теңіз кен орнында 1 039 жағдай тіркелген. Қалған аудандарда 69 адам індетке шалдықты.

Бүгінге дейін облыста 1 015 науқас емделіп шықты, 8 адам көз жұмды.

"Соңғы аптада күн сайын шамамен 100-150 адам тіркеледі. Оның 70 проценттен астамы – ауру белгілері жоқ науқастар", - деді аймақ басшысы.

Теңіз кен орнында жағдай тұрақталды

Досмұхамбетов Теңізде 1 039 адам вирус жұқтырғанын, 36 ауру ошағы тіркелгенін атап өтті.

"Бүгінгі күні Теңіздегі 94 вахталық қалашықта 13 600 адам тұрады. Бірінші демобилизация бойынша 19 400 адам, екінші демобилизация бойынша 7 700-ге жуық адам шығарылды. Қазіргі таңда Теңізде вахталық ауысым ұйымдастырылып, таза аймаққа жұмысқа келетін қызметкерлер ПТР-тестің теріс нәтижесі болған жағдайда жұмысқа кіріседі. Қазіргі кезде Теңіздегі жағдай тұрақталып, өсім 1,8 пайызды көрсетті", - деді ол.

Оның айтуынша, осы күндері Теңізде 315 орындық инфекциялық стационарда 164 науқас емделіп жатыр.