Индер ауданында екі көлік бетпе-бет соқтығысты, патрульдік полиция қызметкері оқиға орнында қайтыс болды.
ERNUR.KZ. Нива мен Toyota соқтығысқан жол апаты салдарынан бір полицей көз жұмып, екіншісі ауруханаға жатқызылды, деп жазады sputnik.kz.
Қайғылы оқиға Атырау облысының Индер ауданындағы Жарсуат ауылының маңында 31 желтоқсанға қараған түні болды, деп хабарлады "Ақ Жайық".
"Қызметтік Нива мен Toyota Estima соқтығысты. Нивада отырған екі полиция қызметкерінің бірі (ол 29 жаста) сол жерде көз жұмды. Оның 36 жастағы серігі ауыр жарақат алды. Оған аудандық ауруханада ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, тәртіп сақшысының жағдайы ауыр", - деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.
Шетелдік көліктің жүргізушісі мен жолаушысы жеңіл жарақат алды, олар дәрігерлердің бақылауына алынды.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы ережелерін бұзуы, адам өліміне әкеп соқтыруы " бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Апатқа кінәлі адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.