Видео желіде қызу талқыланып жатыр.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Атырау қаласында тұратын Бекболат Иса жаттықтырушысымен бәстесіп, жеңіліп қалған. Сондықтан, жаттықтырушысы спорт залда, жаттығудан кейін «Балқадиша» әнін айтқызған. Есесіне, жезтаңдай бала TikTok желісінде бір сәтте-ақ танымал болып шыға келді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Видео желіде кең таралып, жас орындаушының таза даусы мен вокалдық шеберлігіне қазақстандықтар ерекше ықылас білдірді.
Кадрларда жасөспірім жаттығу кезінде достарының алдында ән айтып тұрғаны бейнеленген. Оның өнеріне тәнті болған желі қолданушылары түрлі жылы лебіздерін білдіріп, болашағына сәттілік тілеп жатыр.
«Олимпиада чемпионы болып, әнұрынымызды айтатын дәрежеге жет бауырым! Біраз әнші жолда қалады, тіл-көзден сақтасын, денің сау болсын! Қандай анық, тап-таза әуен! Жолың ашық болсын, балапан. Біз қазақтар технологиямен емес, өнермен, салт-дәстүрмен, қонақжайлығымызбен таңғалдырамыз. Бұл бала спортшы емес, әнші болуы керек», - деп жазған оның өнеріне тәнті болғандар.
Жас спортшының бұл әрекеті — қазақ жастарының тек спортта ғана емес, өнерде де мүмкіндігі зор екенін дәлелдейді.