Атырауда гастербайтарлер азайып кетті

0
751

Облыстық еңбекпен қамту орталығының мәліметінше, мұнайлы аймақта жұмыссыздар саны карантин тұсында төрт есеге артқан.


Атырауда гастербайтарлер азайып кетті

ERNUR.KZ. Бұл жағдай қала тазалығынан бастап, құрылысқа дейін әсер етуде. Пандемия кезіндегі Атырау облысындағы өзгерістің бірі – шетелдік жұмыс күші санының азайғаны болды, деп жазады inbusiness.kz.

Карантинге байланысты енгізілген шектеу шаралары мұнай-газ компанияларына келетін экспаттарға да, жұмыс істеп пайда табу мақсатымен келген гастербайлерге де әсер еткені байқалады.

«Қазіргі күні Атырау облысында 13 мыңдай Өзбекстан елінің азаматы бар. Олар, негізінен, біздің елде болу мерзімін ұзартып, жұмысын жалғастырып жатқан еңбек мигранттары. Ал карантин кезінде ол жақтан келгендер саны – 574 адам. Қазіргі күні Атырауда жұмыс жасап жатқан Өзбекстан Республикасы азаматтарына 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін рұқсат берілген, одан кейін олар құжаттарының жарамдылық мерзімін создыра алады», – дейді облыстық көші-қон полициясы қызметі басқармасының бастығы Руслан Әділов.

Бір қарағанда, өңірде бір ғана шет мемлекеттен 13 мың адамның жүргені көп көрінуі мүмкін. Алайда карантинге дейін Атырау облысында 30 мыңға жуық Өзбекстан азаматы жұмыс істеген. Кейін ерте көктемде еліне кеткен көп көршіміз кері қайтпай, қалып қойған. Біздің көрші мемлекетті мысалға алуымыз бекер емес.

Себебі мұнайлы өңірдегі шетелдіктердің басым бөлігін Өзбекстан мен оның құрамына кіретін Қарақалпақстан елінен келген азаматтар құрайды. 2013 жылғы дерек бойынша, облыстағы ТМД елдерінен келген 34 мың мигранттың 30 мыңы Өзбекстаннан болған.

Екіншіден, көрші елден келген еңбек күші облыстың көптеген саласында, соның ішінде, жергілікті тұрғындар бара бермейтін құрылыс, жол салу, коммуналдық, ауыл және мал шаруашылығы сынды салаларда жиі кездеседі. Сол себепті, олардың санының азайғаны өңірдегі жағдайға да әсер етіп отыр. Мәселен, қала тазалығын алсақ, былтыр күн сайын, күнара тасылып, жан-жағы жып-жылмағай болып тұратын қоқыс контейнерлері енді аузы-мұрнынан шығып, апталап тұратын болған.

«Бізде жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың барлығы қаланың санитарлық-тазалау жұмыстарына қатысады, біз оларды жол жұмысшылары деп атаймыз. Жол жұмысшыларының саны штат бойынша 400 болуы керек, қазіргі күні 250 жол жұмысшысы бар, оның 129-ы жергілікті, 121-і нерезидент, яғни Өзбекстан Республикасының азаматы. Биыл наурыз-сәуір айларында 350-360 жұмысшымыз болған, карантин кезінде көпшілігі сақтық шараларын ұстанып, елдеріне кетті де, кейін шекара жабылып, келе алмай қалды. Сол кезде жол жұмысшыларының тапшылығы қатты сезілді. Сөйтіп, жұмыспен қамту орталығы арқылы жергілікті жұмысшыларды тартуға кірістік, карантинге дейін олардың саны 25-30 пайыз болса, қазіргі күні 50 пайызға дейін жетті», – дейді «Арнайыавтобаза» ЖШС баспасөз хатшысы Айдана Жекен.

Айта кетейік, қала тазалығына жауапты мекеме соңғы жылдары жұмысшыларды тарту үшін жалақы көлемін де өсіріп келеді. Бүгінде ондағы жалақы көлемі жұмысшының санатына қарай 87-130 мың теңге аралығында екен, сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ, қосымша жұмыс жасағаны үшін үстіне қосылады. Соған қарамастан, атыраулықтар коммуналдық қызметке баруға құлшыныс таныта қоймайтын. Алайда пандемия еңбек нарығына өзгерістер әкеле бастады.

Облыстық еңбекпен қамту орталығының мәліметінше, мұнайлы аймақта жұмыссыздар саны карантин тұсында төрт есеге артқан. Егер наурыз айының басында 2,5 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, қыркүйек айында бұл сан 9 мыңға дейін жеткен. «Арнайыавтобазада» жергілікті тұрғындар санының көбеюінің бір себебі осы болса керек. Өзбекстан азаматтарының тапшылығы байқалған саланың бірі – құрылыс болып шықты. Өңірде БАҚ беттеріндегі «үй салуға өзбек іздеймін» деген хабарландырулар, расы керек, ешкімді таңқалдыра қоймайды.

Былтыр сондай хабарландыру арқылы «өзбек» бригадасын жалдап, үйін көтеріп қойған атыраулық тұрғын биыл «қоныс тойын» өткізе алмаған.

«Өзбекстандық төрт жігіт айға жетпейтін уақытта үйдің фундаментін құйып, қабырғасын өріп, шатырын жауып кетті. Телефондарын алып қалғам. Енді звондасам, шекара жабық, оның үстіне, өз елдерінен жұмыс тауыпты», – деп қапаланады үй иесі.

Әрине, бұл жаппай сипат алып отырған жағдай емес. Дегенмен, саны жағынан өсе бастаған жергілікті еңбек күшінің сапа жағынан да жетілдіруді қажет етіп тұрғаны рас. Аяқ астынан өзгерген әлемдегі ахуал дана Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап» деген сөзіне тура келіп тұр. Басқаша айтқанда, Атыраудың мәселесін шешетін атыраулықтар.