Оқиға 30 қаңтар күні Энергетика және құрылыс колледжінде болған.
Фото: Жасанды интеллект жасаған
ERNUR.KZ. Атырау колледжінің ағылшын тілі мұғалімі студенттердің кешігуімен күрескені үшін тергеуге алынды. Ол кешіккен студенттерге денені көтеру жаттығу (отжимание) жасатқан, деп жазады stan.kz.
Оқиға 30 қаңтар күні Энергетика және құрылыс колледжінде болған. Студенттердің бірінің анасы Ольга Шахованың айтуынша, оның 16 жастағы ұлы Роман Худин ағылшын тілі сабағына алты минутқа кешіккен. Сабақты Арайлым Избасарова жүргізген. Әйелдің айтуынша, жаза ретінде мұғалім жасөспірімге жүз рет отжимание жасауды бұйырған.
"Әрине, ол сонша рет жаттығу жасай алмады, тек жетпіс рет қана орындады", – дейді анасы.
Сабақтан кейін Роман үйіне оралған соң жағдайы күрт нашарлап, 103 жедел жәрдемін шақыруға тура келген. Келген медицина қызметкерлері оның қан қысымын 150/80 деп тіркеген. Тексерістен кейін жасөспірім ауруханаға жатқызылып, оған 72 сағатқа артериялық қысымды бақылау аппараты, сондай-ақ жүрек қызметін бақылау құрылғысы орнатылған.
Анасының айтуынша, болған оқиғадан кейін ол полицияға жүгініп, денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды және ағылшын тілі мұғалімін жауапкершілікке тартуды сұраған.
Шағым хат Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Абуовқа да жолданған.
Романның өз сөзінше, мұндай "тәрбиелеу әдісінің" құрбандары басқа студенттер де болған. Оның айтуынша, кешіккені үшін отжимание жасату бірнеше рет қолданылған және тек ағылшын тілі сабақтарында ғана болған.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кең резонанс тудырып, қоғамды екіге бөлді.
Бір тарап мұндай шараларды орынды деп санап, "ер азаматтарды дәл осылай тәрбиелеу керек" дейді.
Екінші тарап колледж – физикалық жаза қолданатын орын емес, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты, және мұндай әдістердің тәртіпке де, білімге де қатысы жоқ деп есептейді.


