​Атырауда қоршаған орта мәселелері өзекті

0
945

Осы ретте өткен жылы 600 гектарға жуық алқапқа бір жарым мыңға жуық ағаш көшеті егілген.


​Атырауда қоршаған орта мәселелері өзекті

Қазақстанның батысындағы Атырау облысы қашан да ел экономикасын нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқан өңір. Дегенмен, облыс көлемінде түйіні тарқатылмаған экологиялық мәселелер де баршылық. Ал, бұл жағдайды түзеті үшін өңірде мемлекет билігінің бастамасымен қолға алынған жобалар мен бағдарламалар іске асырылып жатыр.


Мәселен, былтыр күзде облыс аумағында ауқымды акция ұйымдастырылып, мыңдаған түп ағаш отырғызылған еді. Бұл бастамаға өңір басшылары мен мемлекеттік қызметшілер де үлес қосып, бір ғана облыс орталығында мыңнан аса ағаш көшеті егілген еді. Осылайша өткен жылы қала аумағында төрт мыңнан аса жергілікті табиғатқа шыдамды қарағаш, үйеңкі және шаған ағаштары егілген.


Осы орайда, өңір аумағында орналасқан ауыл, аудан, қалаларды көгалдандырып, жасыл желек белдеулерін құру мақсатында 275 гектар алқапқа 540 мың түп ағаш отырғызылады екен. Осы ретте, 2023 жылы жоспарға сай 55 гектарға жуық жерде көгалдандыру жұмыстары атқарылған. Одан бөлек, өңір экологиясын жақсарту мақсатында қабылданған жоспарға сәйкес, облыстағы 2800 гектардан астам орман алқабына жеті миллион түп көшет отырғызу жоспарланған. Осы ретте өткен жылы 600 гектарға жуық алқапқа бір жарым мыңға жуық ағаш көшеті егілген.


Сондай-ақ, өткен жылдың соңында өңір басшысы Шәпкенов Серік төрағалық еткен жиында облыс орталығы мен өзге де елді мекендердегі санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мәселесі қаралған еді. Жиында мәлім болғандай, өткен жылы тазалық жұмыстарын дұрыстау мақсатында облыс орталығының өзінде мың дана заманауи қоқыс жәшіктерін орнату үшін конкурс жарияланып, 100 данасы орнатылған екен. Ал, қалған тоғыз жүзі биыл орнатылып, қосымша жүз қоқыс алаңы жаңғыртылатын болады. Жалпы, Атырау шаһарында төрт жарым мыңнан аса қоқыс жәшігі, жеті жүзден астам контейнер, жетпістен астам арнайы тазалық техникасы бар екен. 350-ден астам азамат тазалық жұмыстарын атқарады. Аталған қызмет 2023 жылы жүз мың тоннадан астам қоқыс жинап, полигонға шығарған.


Өңір экологиясына кері әсерін тигізіп жатқан тағы бір фактор – карьерлер екен. Осы орайда өңір басшылығы аталған нысандарды жауып, орнына балаларға арналған ойын алаңдарын салу бойынша жұмыстар атқарып жатыр.


Атырау өңіріндегі экологиялық түйткілдердің маңызды екендігіне бірер күні кеше облыс басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте тағы да көз жеткізгендей болдық. Оның бір мысалы – бірер күн бұрын мереке аясында жергілікті атмосферада жағымсыз, өткір иіс пайда болыпты. Мұны тұрғындар айтқанымен, жауапты мекемелер тиісті іс-шараларды жедел қолға алмаған көрінеді. Атырау облысындағы экология департаменті басшылығының ақпаратына сүйенсек, мереке күндері өңірде қырыққа жуық жоғары ластану және екі бірдей экстремалды жоғары ластану жағдайы тіркелген. Бұл жағдайға облыс орталығының маңындағы «Сасықсай» деп аталатын булану аумағы әсер еткен көрінеді. Өйткені, дәл осы жердегі атмосфераны ластайтын қоспалар максималды дәрежеден он аесе артық болып кетіпті. Одан бөлек, ауа сапасын бақылайтын бекет арқылы аудағы күкіртсутегінің тоқсан жеті есеге көп болғаны анықталған. Жалпы, өңірде мұндай экстремалды жағдайлар өтекөп орын алып жүрген. Бұған себеп – осы салада қызмет көрсететін компаниялардың арасындағы жұмыста олқылықтар орын алады екен. Сондықтан облыс әкімі Серік Шәпкенов кешегі жиында осында экологиялық жағдай ауытқыған кездерде жедел әрекет жасамайтын ұжымдардың басшыларын сынға алды. Сонымен бірге, оларға аталған жағдайдың себеп-салдарын анықтап, тиісті шараларды жүргізуге ықпал ететін топ құруды тапсырды. Шынайы жағдай мен нақты ақпараттарды халыққа жеткізіп отыруды да ұмыт қалдырған жоқ.


Себебі, облыс әкімінің айтуынша, өңір тұрғындары осындай ауа ластануы сынды экологиялық проблемалар бойынша жиі шағымданады екен. Ал, бірер күн бұрынғы жайбасар тірлік жауапты мекемелердің жұмыс деңгейі, шұғыл оқиғаларға дайындығы төмен екендігін көрсеткен сыңайлы. Осы орайда, аталған проблема бойынша өңірде қажетті мамандардан комиссия құрылып, ауа сапасына талдау жасалып, ақпараттар жиналмақ.


Тағы бір айта кетерлік ақпарат – атыраулықтар қоршаған орта қорғаушыларының еңбегін елеу тұрғысынан да үлгі көрсете алады. Мәселен, жуырда ғана «5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні» аясында сала мамандарына арналған ауқымды жиын өткізіліп, бірнеше экология жанашыры Экология және табиғи ресурстар министрлігі арнайы әзірлеген «Экология саласының үздігі» төсбелгісін тағынды. Одан бөлек, бірқатар маман ведомствоның құрмет грамотасы және алғыс хаттарымен марапатталды.


Ал, одан кейін өңірде «Атырау экология диалогы: Экология және өнеркәсіп. Қоғам игілігі жолындағы серіктестік» тақырыбымен ауқымды конференциясы ұйымдастырылды. Мемлекет билігіндегі жауапты қызметшілер мен алпауыт компаниялардың өкілдері, экология саласының майталмандары қатысқан бұл іс-шарада жаңадан жұмыс бастаған компаниялардың қоршаған ортаға тигізер зияны, заманауи технологияларды тиімді пайдалану, кәсіпкерлі саласы өкілдері мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайту, экологтар көтеріп жүрген күрмеулі мәселелерді шешу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, сапасы бұзылған топырақты қалпына келтіру, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жолдары, суды тазарту жайы және өзге де проблемалар қозғалды. Одан бөлек, өңір басшысы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы облыс орталығын көркейту бойынша келісімге қол қойды. Енді аталған компания шаһар аумағына он мың түпке жуық ағаш егетін болады.


Жалпы, ақпараттардан аңғарғанымыз – Атырау облысында бірнеше экологиялық проблема бар. Дегенмен, ел Үкіметі мен өңір басшылары ол түйткілдердің түйінін тарқату үшін түрлі жолдарын қарастырып, әрекет жасап жатыр. Жоспардағы жасыл желек егіліп, қоқыс және ауа сапасы сынды мәселелер шешімін тауып жатса, әлі-ақ Атырау облысының айы оңынан туар деп сенеміз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ