Атырауда медтексерістен өтпек болған оқушылар ұзын-сонар кезек тудырды (видео)

0
655

Адамдарға лық толы поликлиника дәлізінің суреті әлеуметтік желіде жарияланған.


Атырауда медтексерістен өтпек болған оқушылар ұзын-сонар кезек тудырды (видео)

ERNUR.KZ. Желіде Атыраудағы поликлиникалардың бірінде кезекте тұрған бір топ адамның фотосы мен видеосы тарап кеткен. Бейнежазба авторының айтуынша, ұзын-сонар кезек 8-11 сынып оқушылары мәжбүрлі түрде медтексерістен өткендіктен орын алған. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, деп жазады nur.kz.

Адамдарға лық толы поликлиника дәлізінің суреті Instagram желісіндегі atyrauoil.offlcial парақшасында жарияланған.

Жазба авторы өзі жүктеп қойған видеоның астына өңірлік денсаулық сақтау басқармасына үндеу жасаған.


"№ 1 поликлиникада осындай жағдай орнады. Бұл жерге 8-11 сынып оқушыларын мәжбүрлі түрде медтексерістен өтіп, анализдерді тапсыру үшін жіберді", - деп жазған автор.


Жазба авторының сөзінше, емхана ішінде ешкім әлеуметтік арақашықтықты сақтаған жоқ. Поликлиника дәлізі адамдарға толы болғаны соншалық, ол жерде ине шаншар жер болмаған.


"Бір сұрақ бәрімізді мазалап отыр. "Пандемия кезінде бұл шараның не қажеті болып қалды?" , - деп сұрады қала тұрғыны.


Оның айтуынша, мектеп оқушылары бірінші тоқсанды толығымен қашықтықтан оқығандықтан, олардың сыртқы әлеммен байланысы тым төмен болып кеткен.


"Балаларымызды жаппай адам көп жиналатын жерге не үшін бағыттап жатырсыңдар? Екінші толқынды қолдан жасау үшін бе?" , - деді жазба авторы.


Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы шу тудырған видеоға байланысты пікір білдірді. Олар емханадағы жағдайға қатысты мән-жайды айтып берді. Ведомство өкілдері фотоның 14 қараша күні жасалып, поликлиникаға 8-11 сынып оқушылары шақыртылғанын растады.

Кейбір жасөспірімдер ата-аналарымен бірге келгеніктен, жүзден аса адам болып кеткен.


"Орын алған жағдайға байланысты болашақта бұл қателікті болдырмас үшін өзге амбулаторлық-поликлиникалық ұйымдарға ескертілді. № 1 поликлиника басшылылығына тәртіп бұзушылық үшін сөгіс ретінде тәртіптік тәркілеу қолдануылды" , - деді ведомство өкілдері.