​Атырауда мектеп есепшісі жалақы қорынан 32,6 млн теңгені өз есепшотына аударған

0
192

Өңірдегі 19 білім беру мекемелеріне мониторинг жүргізіліп, 98,3 млн теңгеге 42 ден қою шарасы қолданылған.


​Атырауда мектеп есепшісі жалақы қорынан 32,6 млн теңгені өз есепшотына аударған

ERNUR.KZ. Атыраудағы мектептерде жалақы қаржысын заңсыз аудару дерегі анықталып отыр. Бір есепші өзінің есепшотына 32,6 млн теңге аударып алған, деп жазады inform.kz.

Атырау облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Зоя Сапарованың дерегіне сүйенсек, өңірдегі 19 білім беру мекемелеріне мониторинг жүргізіліп, 98,3 млн теңгеге 42 ден қою шарасы қолданылған.

– Департамент аудиторлары жалақы қорынан ірі көлемдегі қаржыны заңсыз аударуға байланысты бірнеше деректі анықтады. Мәселен, Атырау қаласындағы №36 мектеп-гимназиясының есепшісі өзінің есепшотына 32 млн 666,5 мың теңгені және жеке тұлғаның есепшотына 15 млн теңгені аударып жіберген. Ал А.Пушкин атындағы №20 мектеп-лицейінің қызметкеріне 3 млн 912 мың теңге аударылғаны анықталды, - дейді Зоя Сапарова.
Оның мәліметінше, ден қою шараларының нәтижесінде бюджетке 6 млн 224,3 мың теңге қайтарылған.
– Қаржы жымқыру деректерінің алдын алу, келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында бюджеттік, оның ішінде білім беру саласындағы мекемелердегі жалақы төлеу жүйесіне тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Анықталған жымқыру деректері туралы бюджеттік бағдарлама әкімшісіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің облыстық департаментіне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық органына бір мезгілде ақпарат берілді. Мақсат – бюджет қаржысын қайта қарауға, артық аударылған бюджет қаржыны қайтаруды қамтамасыз ету, - деп мәлім етті Зоя Сапарова.