​Атырауда жерасты тұзды суы көтеріліп, үш ірі саябақтың құрылысы тоқтады

0
70

Саябақ құрылысы 2026 жылдың қаңтар айында басталған.


​Атырауда жерасты тұзды суы көтеріліп, үш ірі саябақтың құрылысы тоқтады

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

ERNUR.KZ. Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданында салынуы тиіс 4,8 млрд теңгелік саябақтың құрылысы жобаға енгізілген түзетулерге байланысты тоқтап тұр. Өзгерістерге жерасты тұзды суы деңгейінің бірнеше есе көтерілуі себеп болған, деп жазады inform.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, саябақ құрылысы 2026 жылдың қаңтар айында басталған. Дегенмен құрылыс жұмысы басталды деп айту қиын. Аумақтың тегістелгенін ғана байқауға болады. Алайда кейін жобаға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған. Бұған Атырау қаласы мәслихатының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі №25 тұрақты комиссиясының қаулысы және құрылыс аумағындағы жерасты тұзды суының көтерілуі әсер еткен. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжаттама қайта қаралып, биыл 10 сәуірде сараптамаға жолданған. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, құрылыс-монтаждау жұмысы сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана жалғасады.

- Аумағы 4,6 гектар болатын саябақта жаяу жүргіншілер жолы, жүгіру алаңы, балалар ойын алаңдары, демалыс аймақтары салынады. Сонымен қатар 325 ағаш егіп, 17,6 мың шаршы метрден астам аумақ көгалдандырылады. Жоба аясында 551 шағын сәулеттік нысан мен бір субұрқақ орнату жоспарланған ,-деп мәлімдеді әкімдік.
Бұдан бөлек Самал ықшамауданында жоспарланған жаңа саябақтың құрылысы да әлі басталған жоқ. Жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңге. Қазіргі уақытта тек эскиздік жоба келісіліп, бас жоспарды нақтылау және жобалық-сметалық құжаттамасы істеліп жатыр. Бұл жобаға да Нұрсаядағыдай жерасты суының деңгейінің көтерілуіне байланысты түзетулер енгізіліп жатыр. Жоспар бойынша Самал саябағының аумағы 2 гектар. Онда 600 ағаш отырғызылып, 282 шағын сәулеттік нысан орнату көзделген.
Өңірде көптен айтылып келе жатқан, дегенмен құрылысы басталмаған жобаның бірі – Жайық жағасында салынуы тиіс дендрологиялық саябақ. Жоба үшін Атырау ықшамауданынан 6, Геолог ықшамауданынан 20 гектар жер бөлінген. Сондай-ақ, өсімдіктерді жыл бойы өсіруге және сирек кездесетін өсімдік түрлерін сақтауға мүмкіндік беретін климаторон кешенін салу жоспарланып отыр.
- Қазір жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. Конкурстың бірінші кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта конкурстың екінші кезеңін өткізу үшін қажетті құжаттар дайындалып жатыр, - деп мәлімдеді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы.

Жоба іске асса Атырау қаласының жасыл белдеуі кеңейіп, тұрғындардың демалысына арналған жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болады, қаланың экологиялық жағдайы жақсарып, өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығы артады. Ал климаторон жергілікті климатқа бейімделген өсімдіктерді өсіруге және қаладағы көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізуге мүмкіндік береді.

Қалалық әкімдіктің ресми ақпаратына сүйенсек, қазір облыс орталығында 26 саябақ пен алаң бар. Олардың жағдайына шенеуніктер қанағаттанарлық деңгейде деген баға беріп отыр.