Атыраулық таксист жігіт жол апатына ұшырап, әлемдік жұлдызға айналды

0
82

Ол бір күнде танымал боп шыға келді.


Атыраулық таксист жігіт жол апатына ұшырап, әлемдік жұлдызға айналды

Фото: Бейнежазбадан.

ERNUR.KZ. 2024 жылы бейнетіркеуішке жазылған Атыраудағы жол-көлік апаты төрткүл дүниеге таралып үлгерді. Видео 125 миллионнан астам рет қаралды, деп жазады inbusiness.kz.

Басылымның жазуынша, бейнежазбаны негізінен Еуропа мен АҚШ қолданушылары көрген. 32 жастағы атыраулық Рафаэль Жұмашбаев көлік тізгінінде болған. Сөзінше, жол апаты былтыр тамыз айында болған.

"Мен жолаушыны түсіріп, орнымнан енді ғана қозғалғаным сол еді, көшенің қиылысында келе жатқан джип мені келіп соғып кетті", - деді Рафаэль.

Оның айтуынша, Chery Tiggo көлігінің жүргізушісі "Жол бер" белгісіне мән бермеген. Нәтижесінде соққы көліктің оң жақ бүйіріне тиген, осылайша Рафаэль мінген "Лада Гранта" аударылып кеткен.

"Мен бір сәтке қатып қалдым. Алғашқы бірнеше секундта құлағым шуылдады, радионы өшіріп едім, бірақ шу кетпей қойды. Мәселе өзімде екенін түсіндім. (...) Кеуде тұсым мен аяғым қатты ауырды. Аяғым руль мен алдыңғы орындықтың арасында қысылып қалды. Оқиға куәгерлері жүгіріп келіп, көмектесіп, мені шығарып алды", - деді Рафаэль Жұмашбаев.

iPhone автоматты түрде 112 қызметіне қоңырау шалып, оқиға болған жердің координаттарын жібергені белгілі болды. Атыраулық жүргізуші бұл туралы кейін ғана білгенін жасырмады.


Басылымның мәліметінше, Рафаэль бүгін де өзінің "Ладасымен" жүр. Оның такси жүргізушінің өмірі туралы блогы бар. Жол апатына дейін оның TikTok-та 16 мың жазылушысы болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 35,6 мыңға жетті. Ал Instagram-дағы парақшасына 8,8 мың адам жазылған.

Рафаэль Жұмашбаев жол апаты болған сәт таспаланған видеоны 2024 жылғы 8 қыркүйекте TikTok-та жариялады. Бейнежазбаның бірінші бөлімі – 3,5 миллион, екіншісі 4,4 миллион қаралым жинады. Кейін оны француз қолданушысы әнмен әрлеп жүктегеннен кейін, әлем жұртшылығына кең таралды.

Жақында бұл видео қайтадан танымалдыққа ие болды.