Ауғанстандағы жаңа билікпен байланыс орнатуға дайынбыз – Тоқаев

0
472

​Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды.


Ауғанстандағы жаңа билікпен байланыс орнатуға дайынбыз – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалға қатысты ұстанымын айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.

"Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер. Мен ТМД, Еуропалық одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын", - деді Тоқаев шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде.

Әзірге, оның айтуынша, Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын, деп атап өтті Тоқаев.

Мемлекет басшысы тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенетінін жеткізді.

"Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз", - деп мәлімдеді президент.

Тоқаевтың пікірінше, халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек. Керісінше, болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек, деді ол.