Ауруханалар құрылысына шетелдік инвестициялар тартылады

0
1 300

Қазақстандағы инвестициялық ахуал қолайлы және инвесторлар үшін жобаларды жүзеге асыруына барлық жағдайлар жасалған.


Ауруханалар құрылысына шетелдік инвестициялар тартылады

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Мамин мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі бойынша жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты, деп жазады baq.kz.

Петропавл қаласында консультативтік-диагностикалық орталығы бар 500 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысының жобасы туралы құжатқа Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов пен «YDA Holding» түрік компаниясының басқарма төрағасы А. Хусейн қол қойды. Аурухана кешені 7 көпбейінді, тозған және бөлек-бөлек нысандардың орнына салынатын болады.

Тағы бір көпбейінді аурухана Түркістан қаласында салынады. Ауруханада онкологиялық және кардиологиялық бөлімдер, перинатальді орталық, жедел медициналық жәрдем станциясын және т.б ашу көзделген. Нысан құрылысын 2022 жылы аяқтау жоспарланған.

Құрылысқа, екі медициналық нысанды жабдықтауға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі 50 млрд теңеге жуық соманы құрайды.
Бұл жобалар денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамытудың өңірлік перспективалы жоспарлары аясында іске асырылады.

Инвестор компанияның басқарма төрағасы А. Хусейн атап өктендей, Қазақстандағы инвестициялық ахуал қолайлы және инвесторлар үшін жобаларды жүзеге асыруына барлық жағдайлар жасалған.

Қабылданып жатқан шаралар еліміздің аурухана секторының инфрақұрылымын жаңартып, ішкі сұранысты қанағаттандырып, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын, қолжетімділігін және уақыттылығын арттырады, сондай-ақ Орталық Азия мен ТМД елдері үшін медициналық туризм орталығына айналуға мүмкіндік береді.