Ауыл тұрғыны қарызға ақша бермеген кейуананы пышақтап өлтірген

0
520

Қылмыскер 17 жылға бас бостандығынан айырылды.


Ауыл тұрғыны қарызға ақша бермеген кейуананы пышақтап өлтірген

ERNUR.KZ. Оқиға Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында былтыр күзде болған. Сот үкімі бірер күн бұрын шығарылды, деп жазады exk.kz.

Қылмыс 2021 жылы 26 қазанда Елизаветинка ауылында жасалған.

"Ауыл тұрғыны Сергей Бышов 87 жастағы зейнеткердің үйіне қарызға 20 мың теңге сұрап келеді. Кейуана оған ақша жоғын айтқан. Күдікті бөлмедегі үстел үстінен қарт әйелдің сөмкесін көріп, ішінде 120 мың теңге бар екеніне көз жеткізеді. Сол кезде зейнеткер қолына асүй пышағын алып, сөмкені қайтарып беруді талап еткен. Бывшов кемпірге қарсы ұмтылып, соққыға жығып, бірнеше рет пышақ сұғып алған", — дейді баспасөз қызметіндегілер.

Жәбірленуші сол жерде көз жұмған. Қылмыскер ақшаны қалтасына басып, үйдің есігін сыртынан құлыптап, оқиға орнынан бой тасалапты. Алайда бірнеше сағаттан соң қайтадан айналып келіп, үйдегі шкафтардың бірінен 1 млн теңгеге жуық ақша тауып алған. Кейін үйді қайтадан сыртынан жауып, жөніне кете барады.

"Сотталушы Бывшовтың қылмысы толығымен дәлелденді. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер ең жоғары қауіпсіздік режимі бар колонияда жазасын өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", деп толықтырды баспасөз қызметінің мамандары.