Ауылда тұратын ақсақал отын жаратын машина жасап шығарды

0
2 398

Жасы 70-тен асқан ақсақал шағын моторлы қар күрегіш те жасаған.


Ауылда тұратын ақсақал отын жаратын машина жасап шығарды

ERNUR.KZ. Үржар ауданының Көлденең ауылында, алыс тау қойнауында тұрып жатқан Құлахмет Лепесов ағаның қолынан келмейтіні жоқ, деп хабарлайды Алтайньюс.

Керек кезінде өзі токарь, өзі электрмен дәнекерлеуші, өзі ұста, автоэлектрик, аккумуляторшы бола беретін ол кісі бір кездері колхоздың ең белді мүшесі еді. Шаруашылық тарап, әркім өз алдына жекеменшікке айналған шақта Құлахмет ағаның айы тіпті оңынан туды десе болады. Бұрынғыдай ұжымға емес, енді не істесе де жеке басына лайықтап жасайтын болды. Жасы 70-тен асқан ақсақал қол қусырып қарап отыра алмайды. Қыстыңгүні есіктің алдын күрейтін шағын моторлы қар күрегіш, бидайды қыпығынан ажырататын желдеткіш жасаған ол енді өздігінен ағаш жаратын редукторлы құрылғы ойлап тапты.

-Ауылды жерде тұрған адамның қат-қабат шаруалары көп қой. Ағаш жаруға кейде уақыт таба алмай жатамыз. Оның үстіне жас келгеннен соң балтамен ағаш жару да қиын. Сосын ойлап тбылған нәрсе ғой,-дейді ол,-өзінің рационализаторлық қабілетіне онша мән бермей,- Міне, мынау колхоз кезінде малдың астын тазалауға арналған трактордың ТСМ деп аталатын тіркемесінің редукторынан жасалған. Бұл минутына 16 рет қана баяу айналатын транспортерлі редуктор. Соны айналдыратын мына тұрған 220 вольтты шағын мотор. Кесілген дөңбек ағашты мына жерге горизонтольді түрде жатқызып, жалпақ қалақшадан жасалған «балтаның» жолына қоямыз. Ол өз кезегінде дөңбекті сығып, турай бастайды. Әлбетте, осының бәрі мына шөп шабатын ескі КДП-нің қаңқасына орналастырылған,-деп ол токты қосып, кесілген дөңбектерді еш қиналыссыз турай бастаған құрылғысымен таныстырды.

Құлахмет Лепесов ағамыз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары «ДТ-75»шынжыр табанды трактордың иінді валын қиып, поршеннің орнына сымтемірді мыжитын құрылғы орнатып, әртүрлі өлшемде шеге шығаратын станок ойлап тауып, елді таңғалдырған адам. Бұл кісінің ағаш жаруға арналған мына құрылғысы да ауылдастарын таңғалдырып отыр.