“Аузын жауып, тыныс алуына кедергі келтірген“: Алматыда балабақша тәрбиешісі сот үкімін даулады

0
88

2024 жылдың 14 ақпанында баланың анасы видео жариялаған.


“Аузын жауып, тыныс алуына кедергі келтірген“: Алматыда балабақша тәрбиешісі сот үкімін даулады

ERNUR.KZ. 22 қазанда Алматыда жекеменшік балабақшада 4 жастағы баланы азаптау ісі бойынша апелляциялық сот отырысы өтті. Сот тәрбиешіге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп жазады tengrinews.kz.

2025 жылдың 15 тамызында 20 жастағы тәрбиешіге Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі, 1-тармағы ("Кәмелетке толмағанды азаптау") бойынша төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сондай-ақ, оған 10 жыл бойы балалармен жұмыс істеуге тыйым салынған.

2024 жылдың 14 ақпанында баланың анасы видео жариялаған. Кадрларда тәрбиешінің баланың аузын жауып, тұншықтырғандай әрекет жасағаны көрінеді. Баланың ата-анасы жағдайды ұлынан естіп, бейнебақылау жазбаларын қарап, полицияға арыз түсірген.

"Аузын жауып, 10 минуттай тыныс алуына кедергі келтірген"

Тергеу барысында баланың балабақшаға небәрі сегіз күн барғаны анықталды. Сол аралықта тәрбиеші оған үш рет күш қолданған: итеріп жіберген, киімін жұлқып шешкен және ұйқыға жатқызу кезінде қолымен аузын жапқан, шамамен 10 минуттай тыныс алуына кедергі келтірген.

Бірінші сатыдағы сотта айыпталушы өз әрекетін баланың мұрнын сүртіп, тыныштандыруға тырысқаным деп түсіндірген.

Апелляциялық тыңдау

22 қазанда Алматы сотының апелляциялық алқасы айыпталушы мен жәбірленуші тараптың шағымдарын қарады. Жәбірленуші баланың әкесінің айтуынша, сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Динара Шамшекованың айтуынша, қорғаныс тарап соттан айыптының әрекетін Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігіне ("Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау") ауыстыруды сұраған.

Бұл бап бойынша ең жоғары жаза 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеуді қарастырады.

Алайда сот апелляциялық шағымды қанағаттандырмады.

Жәбірленушінің әкесі Абылай Рахатов сот шешіміне көңілі толатынын айтты.

"Бұл іс менің ұлыммен ғана байланысты емес, барлық балабақшадағы балалардың қауіпсіздігіне қатысты. Қазір балаларға зорлық көрсету жағдайы тым көбейіп кетті. Бұл оқиға барлығына сабақ болса деймін. Осы уақытқа дейін ешкім бізден кешірім сұраған жоқ, баламыздың жағдайын да сұрамады. Бұл – олардың әрекеті әдейі әрі өкінбестен жасалғанының дәлелі", – деді ол.

Оның айтуынша, дәл осы балабақшаның тағы бір қызметкеріне қатысты да баланы азаптау дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.