Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы тасымалданатын жүк көлемі артады.
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform
ERNUR.KZ. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп жазады inform.kz.
- 2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық әуежайларда 150 мың тонна жүк өңделді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2028 жылға дейін еліміздің әуежайларында өңделген жүк көлемін 2 есеге ұлғайту бойынша жұмыстар пысықталып жатыр.
Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 500 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. «Азия – Еуропа» бағыты бойынша жүк тасымалының көлемі 12 млн тонна болса, оның ішінде 1,7 млн тоннасы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы тасымалданады. Біздің мақсат – осы көлемнің бір бөлігін ел аумағында игеру, - деді М. Қарабаев.
Оның айтуынша, аталған бастаманы жүзеге асыру үшін әуежай инфрақұрылымын жаңғырту қажет. Осы бағытта әуежайларда жолаушылар мен жүк терминалдарын, отын құю кешенін және ұшу-қону жолағын модернизациялау, техникаларды жаңарту әрі ұшақтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын құру бойынша жұмыстар жоспарланған.
- Бұл ретте негізгі сұрақтардың бірі - әуежайларды авиаотынмен қамтамасыз ету мәселесі. Қазір әуежайлар көрші елдерден жанармай сатып алуға мәжбүр (отандық авиакомпаниялар қазақстандық авиаотынмен толтырылады). Авиаотын тапшылығын шешу үшін Бірыңғай оператор («ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС базасында) айқындауды ұсынамыз. Ол тиімді емес делдалдарды жоюға, жеткізілімдерді тұрақтандыруға және авиаотынның үлкен көлемдерін сатып алу арқылы транзиттік ұшақтарға Қазақстан аумағы арқылы ұшу үшін қолжетімді бағаларды ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жүк рәсімдерін оңтайландыру, процестерді цифрландыру және арнайы экономикалық аймақтар режимін енгізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, - деді ведомство басшысы.