Жігіт былтыр сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған.
ERNUR.KZ. Абай облысында менингиттен қайтыс болған мерзімді әскери қызметкердің өлімі ісі бойынша үкім шығарылды. Аурухана дәрігері екі жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ сотта амнистияға ұшырады, деп жазады stan.kz.
Жігіт былтыр сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған. Ал 16 мамырда Аягөз әскери госпиталіне жатқызылды. Тексерістен кейін дәрігерлер ем тағайындады.
Алайда жағдайы нашарлап, орталық аудандық ауруханаға ауыстырылды. 19 мамырда жансақтау бөлімінде қаза болды. 20 жастағы сарбаздың өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Аягөз әскери госпиталінің 38 жастағы амбулаториялық бөлімінің меңгерушісіне Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі "Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауй, абайсызда адам өліміне әкелуі" бойынша айып тағылды.
Сотта медицина қызметкері сарбаздың ауруханаға түскен кезде тамағы ауырып, аздап жөтеліп, дене қызуының көтерілгенін айтты. Сөзінше, сарбаз ант беруге дайындаламын деп алаңда көп жүргендіктен, жағдайы нашарлады. Оған жедел назофарингит диагнозы қойылып, ауруханаға жатқызылды.
"17 мамыр таңертең мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың жағдайы нашарлады: дене қызуы 38,5 градус Цельсийге дейін көтерілді, қан қысымы 80/50-ге дейін төмендеді, құса бастады және жөтел пайда болды. Алайда кейінгі тексеру кезінде айыпталушы емін өзгертпеді, жағдайының ауырлығын бағаламады және оны мамандандырылған ауруханаға уақытылы жібермеді", – делінген "Сот кеңсесінің" материалдарында.
Медицина қызметкері кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Сотта ол емдеу хаттамасын орындағанын және науқасқа көмектесу үшін барлық мүмкін шараларды қолданғанын мәлімдеді.
Сот-медициналық сараптама өлімнің себебін екі жақты іріңді отиттен кейін пайда болған, ми ісінуі, сепсис, тромбоцитопения және бүйректің уытты зақымдануымен асқынған іріңді менингит деп анықтады. Іс материалдарында дәрігер аурудың белгілерін анықтай алмаған, науқасқа қате диагноз қойған және оны менингококк инфекциясына тексере алмаған деп көрсетілген.
Сарапшылардың пікірінше, 16 мамырда уақытылы және дәл диагноз қойылып, емдеу басталғанда, жігіт аман қалуы мүмкін еді.
Сарбаздың ата-анасы сотта оның әскерге жіберілмес бұрын толық медициналық тексеруден өтпегенін айтты.
Семей гарнизоны әскери соты айыпталушыны кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, сол мерзімге медицина саласында жұмыс істеу құқығынан айырды. Дегенмен айыпталушыға рақымшылық жасалды.
Сот қылмыстың жеңіл қылмыс деп танылғанын ескерді, сондай-ақ айыпталушының үш баласы бар екенін және ауырлататын мән-жайлар жоқ екенін анықтады.
Сондай-ақ сот жәбірленушінің азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, моральдық залалды, материалдық шығынды және өкілдік шығындарын 12 миллион теңгеден астам сомада төлеуді міндеттеді.


