Аягөздік оқушының экоасфальт жобасы – бірнеше мәселенің бірегей шешімі

0
267

Ел-жұрттың жарамсыз деп тастаған қалдықтарын қайта іске жаратудың жолын тапқан өнертапқыштар мен өндірушілер жаңалығымен дүркін-дүркін бөлісуде.


Аягөздік оқушының экоасфальт жобасы – бірнеше мәселенің бірегей шешімі

фото: digitalbusiness.kz

Соңғы жылдары Қазақстан әлемдегі экологиялық мәселелерге үн, қоқысты қайта өңдеу ісіне үлес қосуда белсенді. Ел-жұрттың жарамсыз деп тастаған қалдықтарын қайта іске жаратудың жолын тапқан өнертапқыштар мен өндірушілер жаңалығымен дүркін-дүркін бөлісуде.


Сондай кезекті бір жаңалықтың үні Абай облысы жерінен жаңғырды. Аягөздік мектеп оқушысы – Аружан Қабдулмаратова тұрмыстық пластик қалдықтардан экоасфальт жасап шығарудың инновациялық тәсілін ұсынды. Бұл ұсыныс – тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, қажетке жарату және жол құрылысына жұмсалатын шығынды азайту, жолдардың сапасын арттыру сынды бірнеше мәселенің бірегей шешімі болмақ.


Жобаның мазмұны – қайта өңделген пластик қосылған жол жабынынын өндіру және төсеу технологиясы. Осы технология толықтай іске асырылған жағдайда жол жабынының сапасы мен қызмет ету уақыты артады әрі шығындар азаяды деп мәлімдейді жоба авторлары.


Аружан Қабдулмаратова – Аягөз қаласындағы №10 мектеп-гимназиясының оныншы сынып оқушысы. Аталған жоба бойынша жұмысты жетінші сыныпта бастаған екен. Осы уақыт аралығында пластик қалдықтарды қайта өңдеу және оны асфальтқа қосудың түрлі тәсілдерін сынақтан өткізіп көрген. Нәтижесінде, айналасы үш жылдың ішінде жобаның қорытындысын жасап, ұсынып үлгерген.


Мамандардың пікірінше, Аружан ұсынған технологиямен төселген жолдардың қызмет ету мерзімі он екі-он сегіз жыл болады. Ал сапасына баса мән беріп жасалса, бұл мерзім жиырма-жиырма бес жылға дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Мұндай жабын әдеттегімен салыстырғанда әлдеқайда мықтырақ әрі тозуға төзімдірек болады деген пікір бар. Одан бөлек, әдеттегі осы уақытқа дейін қолданылып келген материалдарға қарағанда, экоасфальттың құны айтарлықтай аз болатындықтан, бұл нұсқаны тиімді әрі үнемді деп тапқан.


Жобаның тағы бір маңыздылығы – келесі этапта жолдардың сапасын бақылау процесінің автоматтандырылуы. Бұл үшін жоба авторы екінші этапта автономды роботтар жұмысын жүйелеуді жоспарлауда. Айтуынша, бір робот жол жабынындағы кемшіліктер мен бұзылуларды анықтайды, екіншісі оны дер кезінде түзетіп, жөндеп отыратын болады. Осылайша жол жөндеу жұмыстарының уақытын қысқарту әрі шығындарды азайту мүмкіндігіне ие болуды ойластыруда.


Аружан Қабдулмаратованың пластик тұрмыстық қалдықтардың көлемін азайту, оларға екінші өмір беру арқылы қоршаған ортаға зиянды әсерін кеміту және оны жолдардың сапасын арттыру ісіне бағыттауды көздеген бұл жобасын мамандар жоғары бағалады.


Айта кетейік, өткен 2024-2025 жылдары ел аумағында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізу көзделген болатын. Осы мақсатта ауқымды жылдық жоспар жасалып, сол бойынша көлемді іс еңсерілді.


Мәселен, Жетісу өңірінде республикалық маңызы бар автожолдар толық жөндеуден өтті. Бірінші кезекте, республикалық маңызы бар «Талдықорған-Үшарал» және «Үшарал-Достық» жолдары толық жаңартылды. «Сарыөзек-Қорғас» бағытындағы жол да толық жөндеуден өтті. Жетісу облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, нәтижесінде облыстағы республикалық маңызы бар жолдар жүз пайыз жөнделді, облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі тоқсан бес пайызға жетті. Биыл «Талдықорған – Үштөбе» жолына жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.


Сол сияқты, Қостанай облысында республикалық маңызы бар, «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автомобиль жолының 323-339 шақырымы учаскесі орташа жөндеуден өтті. «ҚазАвтоЖолдың» мәліметіне сүйенсек, орталық Қазақстанды солтүстік өңірлермен байланыстыратын, еліміздің маңызды көлік дәліздерінің бірі саналатын бұл жол соңғы рет 1980–1984 жылдары, яғни, қырық бес жыл бұрын жөнделген екен.


Қорытындылай келгенде, 2025 жылы жаңадан төселген және қайта жөндеуден өткен автожол көлемі барлығын қоса алғанда он үш мың шақырымды құрады.


Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолының бойындағы маңызды жол бөлігінің бірі – Күйік асуында (Жамбыл облысы) биыл жаңа жол пайдалануға беріледі. «Трасса соңғы жарты ғасырда жөндеу көрмеген, әбден тозығы жеткен» деп дабыл қақты жергілікті билік өкілдері. Нәтижесінде халықаралық жолды жаңғыртуға 6,9 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі уақытта асфальт жабындысының екі қабаты төселіп, жұмыстың 70 пайыздан көбі бітті деген мәлімдеме жасалды. Үшінші қабатын төсеу алдағы бір апта мерзімге жоспарланған. Сондай-ақ, шатқалдағы асуда жаңа жолмен қоса жылыту пунктері салынып, жол пайдалану пункті де жаңғыртылып жатыр жатыр. Алдағы уақытта бекетте жылыту пункті, техникаға арналған тұрақ пен инертті материал сақтайтын қойма да болады.


Жалпы, Жамбыл облысында 2026 жылы жол саласына 21 миллиард теңге бөлінген. 78 жоба жасалып, 179 шақырым жол жөнделеді деп жоспарланған.


Жүзеге асырылған жоспарлар нәтижесінде қалааралық қатынаулар бұрынғыға қарағанда жайлы әрі қауіпсіз бола түсті. Жол желісін жаңғырту шараларының тиімділігін растайтын тағы бір көрсеткіш – жүк көліктерімен тауар тасымалдау көлемінің 9,6 пайызға өсуі. Бұл өз кезегінде өңірлердің байланысын нығайтуға, экономикалық белсенділікті арттыруға айтарлықтай үлесін тигізеді.


Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту ісі 2025 жылдың бітуімен тоқтамай, 2026 жылдың басынан бері де жалғасын тауып келеді. Үкімет көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға басымдық беруді жалғастырады.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ