"Аяусыз кескілеген": Алматыда қаржыгер әйел өліміне қатысты тың мәліметтер жарияланды

0
613

Марқұмның қайғылы жағдайға дейін де сүйіп қосылған күйеуінен көрген қорлығы көп.


ERNUR.KZ. Алматыда 15 жыл бірге тұрған күйеуінің қолынан қаза тапқан Әл-Бейне Зарипованың өліміне қатысты атышулы іс жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырсында марқұмның анасы мен інісі сөз сөйледі, деп жазады zakon.kz.

Жақындарының айтуынша, марқұмның қайғылы жағдайға дейін де сүйіп қосылған күйеуінен көрген қорлығы көп.

"Қызымның мойнынан көгерген іздерді көріп, "мынау не?" деп сұрадым. "Күйеуім мені тұншықтырды", - деді. Кейін: "Анашым, мен оның тоқтаусыз қадағалауынан шаршадым. Тіпті, үйден шыға алмай қалдым. Ол мені ешқайда жібермейді. Киім алайын десем, "саған қажеті жоқ" деп бетімді қайтарады. Оның ойлағаны ақша ғана. Тапқанымды қайта-қайта сұрай береді" деген", деп КТК марқұмның анасы Мағжан Байсейітованың сөзін келтіреді.

Марқұм Әл-Бейне Зарипова көзі тірісінде ақшадан тарықпаған. 42 жасында қаржыгер болып жұмыс істеп, өз көлігі, үш пәтері болыпты. Кейін екі қабатты зәулім үй салып алған. Әл-Бейненің өмірі сол үйде үзілді. 31 қаңтарда шетелден келген қаржыгердің күйеуімен арасында кикілжің туындаған. Тергеу мәліметінше, 48 жастағы Сабыржан Зарипов әйелін қызғаныштан пышақтап тастаған.

"Зарипова Дубайда басқа жігіт тапқанын, ал онымен ажырасқысы келетінін айтқан. Кәмелетке толмаған қызы екінші қабатта ұйықтап жатқан соң, сөйлесу үшін жертөлеге түседі. Зарипов әйелінен “ұялмайсың ба?” десе, ол ұялмайтынын айтып күлімсіреген. Қызғаныштан ер адам оң қолына пышақ алып, күтпеген жерден Зарипованың мойнына, жамбасына, ішіне сұғып алған. Кейін ол Әл-Бейненің телефонын пайдаланып, есепші болып жұмыс істеген компанияның шотындағы 4 миллион 700 теңгені өзіне аударып алған. Сабыржан Зарипов қазір екі баппен айыпты танылып отыр. Бірі — ұрлық, екіншісі — адам өлтіру".Прокурор Нәйлә Қанатова

Алайда жәбірленуші тарап қылмыстың қызғаныштан, аффект жағдайында болмағанына сенімді. Сондықтан аса қатігездікпен адам өлтіру бабына ауыстыруды талап етіп отыр.

"Денесінің бәрі кескіленген. Әсіресе, жыныс мүшесін кескілеп тастаған. Бетінің де сау-тамтығын қалдырмапты. Көзінен иегіне дейін тілінген. Тіпті сүйегі көрініп тұрды".Марқұмның інісі Ерік Жүсіпов

Сабыржан Зарипов 12 жастағы қызын туыстарының үйіне тастап кеткен. Қамқоршы ретінде қарындасы танылыпты. Қазір жеткіншек заң бойынша соның қолында. Комиссияның бұл шешімімен марқұмның жақындары онымен мүлде келіспейді. Өйткені жалғыз қызы кәмелетке толмаған, мұндай жағдайда Әл-Бейненің 42 жыл жиып-терген мүлкі күйеуінің туыстарына кетіп қалуы мүмкін көрінеді.