Қазақстанда бюджет тапшылығы 1 357 млрд.теңгені құрады

0
1 875

Әкімшілік жауаптылыққа 149 лауазымды және 45 заңды тұлға, тәртіптік жауаптылыққа 233 лауазымды адам тартылды. Құқық қорғау органдарына 39 аудит материалы жіберілді.


Қазақстанда бюджет тапшылығы 1 357 млрд.теңгені құрады

Бұл жоспардың 129 млрд.теңгесіне аз. ЖІӨ пайызында жоспарланған 3% орнына 2,6% құрады. Бүгін Мәжілісте Үкімет пен Есеп комитеті депутаттарға 2017 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есепті таныстырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Егер 2013 жылы салықтық түсімдердің үлесі 68%-ды құраса, 2017 жылы ол 50%-ға төмендеген, бұл мұнайға әлемдік баға баррель үшін 37 АҚШ долларына дейін төмендеген 2015 жылғы дағдарыс жылынан төмен»,-деп хабарлады Есеп комитетінің Төрайымы Наталья Годунова

Екінші деңгейдегі банктердің бизнестің төлем қабілеттілігі мен орнықтылығына берген төмен бағасы, сондай-ақ халықтың нақты табыстарының күтілетін әлеуетті өсімі экономиканың нақты секторына кредит беру өсіміне кедергі келтіреді.

«Қалыптасып отырған жағдай инвестициялық жобалардың жаппай іске асырылуын қаржылық ресурстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді»,-деді Наталья Годунова.

Есеп комитетінің Төрайымы мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың деңгейі қауіпсіз шектерде қалып отырғанын, алайда өсу серпіні бар екенін растады.

«Қарыз алуды ішкі нарыққа қайта бағдарлаудың оң үрдісі байқалады. Алайда, сыртқы қарыз алудың сақталып отырған саясаты еліміздің борыштық құралдары нарығының дамуын едәуір шектейді және шетел валютасындағы қарыздарға қызмет көрсетуге арналған шығыстардың ұлғаюына әкеп соғады. Бұған борыштың шоғырландырылған есебінің болмауы ықпал етті»,-деді ол.

Мемлекеттік аудиттің жоғары органының басшысы сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің басқарылуын бағалаудың негізгі нәтижелері туралы айтты.

«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінен дивидендтер түсімдерінің және аударымдардың өскеніне қарамастан, олардың үлесі алынған кірістердің көлеміне қайта есептегенде жыл сайын төмендеуде. Мәселен, 2015 жылы аударылған дивидендтер мен аударымдардың көлемі таза кіріс көлемінің шамамен 15%-ын құраса, 2017 жылы ол 6%-ға дейін төмендеген», – деп хабарлады Төрайым.

Бұдан басқа, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бөлінген қаражатты уақтылы игермеу, оларды қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында резервтеу практикасы сақталып отыр. Қорытындылай келе, Наталья Годунова депутаттарды есепті кезеңде Есеп комитеті 21 аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізгені туралы хабардар етті. 315 объектіде аудитпен қамтылған қаражат 11 трлн. теңгені құрады. Қаржылық бұзушылықтардың сомасы 320 млрд. теңгені құрады, оның ішінде 264 млрд. теңгесі бухгалтерлік есепке алу тәртібін сақтамаумен байланысты. Сомасы 153 млрд. теңгеге - бюджет қаражатын және мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану, 230 млрд. теңгеге – тиімсіз жоспарлау, 7 млрд. теңгеге – Қазақстан Республикасы заңнамаларының нормаларын іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілері актілерінің бұзушылықтары, 3 535 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды.

Аудит нәтижелері бойынша қалпына келтіруге және өтеуге жататын 320 млрд. теңгенің ішінен іс жүзінде мерзімдері келген 277 млрд. теңгесі немесе 86%-ы қалпына келтірілді (өтелді). Әкімшілік жауаптылыққа 149 лауазымды және 45 заңды тұлға, тәртіптік жауаптылыққа 233 лауазымды адам тартылды. Құқық қорғау органдарына 39 аудит материалы жіберілді.

дереккөз: parlam.kz