​Әзербайжандық саясаттанушы: Тоқаевтың «рухани дипломатиясы» Қазақстанның беделін арттырды

0
115

17–18 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің форумы өтеді.


​Әзербайжандық саясаттанушы: Тоқаевтың «рухани дипломатиясы» Қазақстанның беделін арттырды

ERNUR.KZ. Бұл шара бүгінде жаһандық деңгейде мойындалған беделді диалог алаңы болып отыр. Алдағы форумның маңызы мен ерекшеліктері жөнінде әзербайжандық саясаттанушы, деректі фильмдердің авторы Анастасия Лаврина пікір білдірді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бүгінде беделді диалог алаңына айналды. Сіз оның алғашқы бастамадан бүгінгі нақты шешімдер қабылданатын деңгейге дейінгі дамуын қалай бағалайсыз?

Съезд Қазақстанның түрлі дін өкілдерін бір үстел басына жинау идеясымен басталған батыл бастамасы. Сол кезде бұл қадам символдық қана мәнге ие болып, әлемге «диалог мүмкін» дегенді көрсеткісі келген әрекет сияқты көрінетін. Бірақ жылдар өте келе бұл алаң үлкен институтқа айналды. Бүгінде мұнда ірі конфессия басшылары жиналып, жаһандық сын-қатерлерді талқылайды, ортақ үндеулер қабылдайды. Ол үндеулер БҰҰ мінберінде айтылып, халықаралық пікірталастың бір бөлігіне айналып отыр.

Мен мұны ерекше эволюция деп білемін: алғашқы кезде лидерлер бір-бірін тыңдауды енді үйренсе, қазір олардың бірлескен мәлімдемелері қоғамға ықпал етіп, саясаткерлердің ұстанымына да әсер ете алады. Бұл жай ғана пікір алмасу емес, нағыз «рухани дипломатияға» айналды.

Журналист әрі деректі фильм авторы ретінде бұл процестің құндылығын жақсы түсінемін. Қақтығыс пен шиеленіс үзілмейтін өңірлерде жұмыс істегенімде, рухани лидерлердің беделді сөзінің қаншалықты маңызды екенін көрдім. Миллиондаған адам сенетін тұлғалар бейбітшілік пен сыйластық жайлы айтқанда, жаулық деңгейі бәсеңдейді. Сондықтан мен үшін Астанадағы Съезд – жай дәстүр емес, тепе-теңдікті сақтап, сенім атмосферасын қалыптастыруға көмектесетін нақты құрал.

VIII Съезд бағдарламасында жаңа форматтар ұсынылған, соның ішінде Жас дін лидерлері форумы бар. Сіздің ойыңызша, жастардың қатысуы болашақта дінаралық диалог мәдениетін сақтау үшін неліктен басты шарт?

Жастарды барлық салаға тарту бүгінде ерекше маңызды. Бұл тек саясат пен экономикаға ғана емес, дінаралық диалогқа да қатысты. Егер біз қарым-қатынас пен өзара құрмет мәдениеті сақталсын және нығая түссін десек, ол жаңа буынға берілуі керек.

Ұзақ уақыт бойы мұндай форумдар ықпалы мен тәжірибесі бар аға буынға арналған алаң ретінде қабылданып келді. Бірақ шындық мынау: ертеңгі қоғамдық көңіл-күйді қалыптастыратынжастар. Егер олар шетте қалсп, диалог сабақтастығын жоғалтады. Сонда бейбітшілік пен келісім құндылықтары қағаздағы сөз болып қалады да, өмірлік тәжірибеге айналмайды.

Сондықтан VIII Съезд аясында Жас дін лидерлер форумының пайда болуы жай символ емес, болашаққа жасалған стратегиялық қадам. Бүгінгі жастар бұрын болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр: цифрлық орта, ақпараттық соғыстар, радикалданудың жаңа түрлері. Осындай жағдайда олар өз сенімін қорғап қана қоймай, өзгенің сеніміне де құрметпен қарауды үйренсе бұл мүлде жаңа қарым-қатынас мәдениетінің іргетасы болмақ.

Шын мәнінде, біз жастардың өз қоғамдарында бейбітшілік идеяларын жеткізетін «көшбасшы таратушыларға» айналатынын айтып отырмыз. Олардың қатысуы арқасында дінаралық диалог ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналады. Сондықтан да жастарға басымдық берілуі – VIII Съездің өзектілігін арттыра түседі.

Форумның басты міндеттерінің бірі – дінді қақтығыстар мен экстремизмді ақтау құралы ретінде пайдалануға жол бермеу. Бұл қағидатты халықаралық деңгейде жүзеге асыру үшін қандай нақты тетіктер қажет деп ойлайсыз?

Әлем өзгеріп келеді, өкінішке қарай, бұл өзгерістер жаңа қақтығыстармен қатар жүреді. Қақтығыстар мемлекеттер халықаралық құқықты, БҰҰ Жарғысын елемей, өз міндеттемелерін орындаудан бас тартқан кезде туындайды. Осындай жағдайда дінді экстремизм мен зорлық-зомбылықты ақтау құралына айналдырмау ерекше маңызды. Мұнда тек декларациялар емес, нақты механизмдер қажет.

Біріншіден, санкциялық тетіктер. Егер мемлекет немесе ұйым агрессияны діни риторика арқылы ақтаса, халықаралық деңгейде жеке тұлғаларға да, салаларға да санкциялар қолданылуы тиіс.

Екіншіден, халықаралық соттар мен БҰҰ-ның арнайы тергеу жұмыстары. Діни негіздегі қылмыстар үшін жауапқа тарту – өшпенділік қоздыру жазасыз қалмайтынын көрсетеді.

Үшіншіден, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мен Бас Ассамблеясының діни лидерлердің бірлескен үндеулерін резолюция деңгейінде бекітуі. Бұл моральдық беделді саяси қысым құралына айналдырады.

Төртіншіден, ғибадат орындары мен діни нышандарды халықаралық мандат аясында қорғау. Жақында Құранды өртеу немесе қасиетті құндылықтарды қорлайтын карикатуралар жариялау оқиғаларын еске түсірейік. Бұл миллиондаған мұсылманды ғана емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігін шайқалтады, наразылық пен зорлық-зомбылықты тудырады. Мұндай әрекеттер үшін халықаралық деңгейде нақты құқықтық жауапкершілік қажет.

Соңғысы цифрлық кеңістікті бақылау. Экстремистік үгіт-насихат немесе сенімді қорлайтын контент әлеуметтік желілер арқылы тарағанда, мемлекеттер діни лидерлермен бірлесіп, IT-платформалардан жедел шара қабылдауды, бұғаттауды талап етуі керек.

Яғни, тиімді механизм – бұл диалог арқылы жұмсақ күш пен халықаралық құқықтың қатаң құралдарының үйлесімі: санкциялар, трибуналдар, БҰҰ мандаттары, қасиетті орындарды қорғау және медиакеңістіктегі жауапкершілік. Тек осылай ғана дінді жаһандық саясаттың қаруына айналдырмауға болады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Съезд дамуына айрықша көңіл бөліп келеді. Оның жеке қатысуы мен дипломатиялық тәжірибесі форумның халықаралық беделін нығайтуға қаншалықты ықпал етеді деп санайсыз?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Съезд дамуына қосқан үлесін үлесін ерекше атап өтуге болады. Бір жағынан бұл институционалдық жетекшілік: Қазақстан алаң ұсынып қана қоймай, оның айналасында тұтас «рухани дипломатия» тұжырымдамасын қалыптастырды. Екінші жағынан жеке фактор. Президент Тоқаев БҰҰ-да үлкен тәжірибесі бар дипломат, ол дінаралық диалогты символдық деңгейден практикалық деңгейге көшірудің маңызын жақсы түсінеді.

Оның жеке қатысуы съездге ерекше салмақ береді. Мемлекет басшысы ашылу мен жабылу рәсімдеріне қатысқан кезде, бұл шара автоматты түрде халықаралық саммит деңгейіне көтеріледі. Діни лидерлер үшін бұл Қазақстанның форумды стратегиялық жоба ретінде қарастыратынын білдіретін белгі. Бұдан бөлек, Тоқаевтың белсенді ұстанымының арқасында форумның қорытынды декларациялары БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаты ретінде тарай бастады. Бұл жаһандық саясатқа тікелей ықпал ететін арна.

Айта кету керек, мұндай тәжірибе Әзербайжанда да бар. Президент Ильхам Әлиев 2008 жылы «Бакудегі үдерісті» бастап, ислам әлемі мен Еуропа арасындағы диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Бұл бастама БҰҰ тарапынан мойындалды: Бас Ассамблея резолюцияларында Бакуде тұрақты өтетін Бүкіләлемдік мәдениетаралық диалог форумын «мәдениетаралық диалогты ілгерілетудің негізгі жаһандық алаңы» деп атады.

Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжан тәжірибесі үндес: мемлекет басшыларының дін дипломатиясына жеке көңіл бөлуі елдерінің халықаралық беделін арттырып, мәдени құндылықтарды сенім мен ынтымақтастықтың негізіне айналдырады.