Жаңа норма бала құқығын қорғайды
Фото: Freepik
ERNUR.KZ. Конституциялық Сот ажырасқаннан кейін балаларымен араласу құқығын сот арқылы дәлелдеген ата-аналардың мүддесін қорғайтын маңызды қаулы қабылдады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұған дейінгі жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу тәртібі Конституцияға қайшы деп танылды.
Сот ажырасқан ата-ананың біріне баламен белгілі бір күндері және уақытта кездесу тәртібін белгілеп бергенімен, іс жүзінде екінші ата-ана шешімді орындамай жатады. Ондай кезде азаматтар сот шешімін мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушысына жүгінуге мәжбүр болады.
Қолданыстағы норма бойынша, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын сот шешімін орындамай отырған тарап қана емес, сотта жеңіп шыққан ата-ана да төлеуге міндетті болатын. Яғни, адам өзінің заңды құқығын қорғау үшін қосымша шығындалатын.
«Егер сот ата-ананың баламен араласу құқығын растаған болса, онда бұл құқықты жүзеге асыруға ешқандай кедергі, оның ішінде қаржылай кедергілер де болмауға тиіс. Өз пайдасына шығарылған сот шешімінің орындалуы үшін азаматтың ақы төлеуге мәжбүр болуы Конституция нормаларына сәйкес келмейді», - делінген сот шешімінде.
Алқа мүшелерінің мәлімдеуінше, бұл шешім ең алдымен баланың құқығы мен мүддесін қорғауға, оның екі ата-анасымен де отбасылық байланысын сақтауға бағытталған.
Қаулыға сәйкес, ҚР Үкіметіне алты ай мерзім ішінде заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу және жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу тәртібін Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіру тапсырылды.


