Әзірге сайлау туралы сауалнама жасаған екі адамға айыппұл салынды

0
1 602

Әлеуметтік желілерде сайлау туралы сауалнама жүргізу – сайлау туралы заңды өрескел бұзушылық екен.


Әзірге сайлау туралы сауалнама жасаған екі адамға айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Бас прокуратура қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде сайлау нәтижелеріне байланысты сауалнамалар жүргізбей-ақ қоюға, осылайша заңды бұзбай жүруге шақырады, деп жазады Zakon.kz.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ел Президентінің кезектен тыс сайлауы барысында заңдылықты, оның ішінде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңда көзделген қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу шарттарының сақталуын ерекше бақылауда ұстауда, – делінеді хабарламада.

Әлеуметтік желілерде осындай сауал салуларды жүргізу байқалады. Аталған фактілер бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Атап айтқанда, "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде сайлау бойынша қоғамдық пікірге сауал салған (ӘҚБтК 120-бабы 3-тармағы) Алматы қаласының тұрғыны а.ж. 17 мамырда 15 АЕК мөлшерінде (37 875тг) айыппұл төлеуге тартылған. Осыған ұқсас "Facebook" әлеуметтік желісінде жасалған құқық бұзушылық үшін Алматы облысының тұрғыны әкімшілік жауаптылыққа тартылды, – делінеді.

Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарға сайлау процесі барысында заңдылықты сақтау қажеттілігі және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабында сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзғаны үшін жауаптылық көзделгені туралы еске салады.

Бұл ретте, азаматтарға мұқият болып, әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын үшінші тұлғаларғдың құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалануына жол бермеу ұсынылады.

ҚР Президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Сайлауалды үгіт-насихат 11 мамырда басталып, 8 маусымға дейін сағат 00.00-де аяқталады. 8 маусым – тыныштық күні. Кез-келген үгіт-насихат заңсыз болады.