Азия ойындарына кімдер барады – министр медальдан үміткерлерді атады

0
108

Туды жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әділ Бекетаев пен 2017 жылы өткен Азия ойындарының қола жүлдегері Ольга Тихонова ұстап шығады.


Азия ойындарына кімдер барады – министр медальдан үміткерлерді атады

фото: Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Харбинде өтетін Азия ойындарына 138 қазақстандық спортшы барады. Олар 51 медаль жиынтығы үшін жарысқа түседі. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Команданың құрамында 72 ер және 66 әйел бар. Спортшылардың жартысынан астамы – Астана, Алматы және Шығыс Қазақстан облысынан шыққан спортшылар.
"Азия ойындарына шығарып салу рәсімін 30 қаңтар күні Астана қаласындағы "Қазақстан" жеңіл атлетика спорт кешенінде өткізу жоспарланып отыр",-деді Мырзабосынов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министр үміткерлердің арасында ел қоржынына медаль сала алатын спортшылар да бар екенін ерекше атап өтті. Олар:
2023 жылғы қысқы Универсиаданың жүлдегері Александр Мухин,
2019 жылғы Универсиаданың екі дүркін жүлдегері Әсет Дүйсенов (биатлон),
2023 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері Надежда Степашкина (шаңғы),
2023 жылғы 4 континент жеңімпазы Надежда Морозова,
2023 жылғы жастар арасындағы Әлем кубогының күміс жүлдегері Алтай Жәрдембекұлы (конькимен жүгіру),
Азия ойындарының қола жүлдегері және Олимпиада қатысушысы Абзал Әжғалиев,
2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Никиша (шорт-трек),
2023 жылғы Еуропа кубогы кезеңінің жеңімпазы Шерзод Хаширбаев,
2023 жылғы Еуропа кубогының қола жүлдегері Аяна Жолдас (фристайл-акробатика),
2024 жылғы Азия чемпиондары – шайбалы хоккейден ерлер құрамасы.
Ал хоккейден спорт шебері, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әділ Бекетаев пен шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2017 жылы өткен Азия ойындарының қола жүлдегері Ольга Тихонова Қазақстанның Туын ұстап шығады.
Айта кетері, 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасының Харбин және Ябули қалаларында 9-қысқы Азия ойындары өтеді. Ойындарға Азияның 32 елінен 1 000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады.