Азық-түлік бағасын қалай төмендетуге болады? Сарапшы жауабы

0
986

Шаруаларға субсидия бөлу арқылы азық-түлік бағасын реттеу қиын.


Азық-түлік бағасын қалай төмендетуге болады? Сарапшы жауабы

БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының есебіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-мамыр аралығында азық-түлік индексі шамамен 40 пайызға көтерілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Яғни, аграрлық сала болашақтың мұнайына айналады. Ал, азық-түлік қымбаттап жатыр. Сондықтан Қазақстанда «әрі тартса өгіз өледі, бері тартса арба сынады» деген күйді кешіп жүрген әрбір фермерге ескерткіш тұрғызуға болады. Мұндай пікірді Ұлттық палата Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев білдірді.

Шаруаларға субсидия бөлу арқылы азық-түлік бағасын реттеу қиын. Оның үстіне, жалпы елдегі субсидия көлемі аз – фермерлерге таратқанда тиын-тебен қалады. Сарапшы субсидия бөлуде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұстанымына қысқа тоқталды.

Әрине, шаруаларға субсидия керек. Мемлекет бәріне бірдей субсидия бермейді. Белгілі бір салаға басымдық бере отырып бөледі. Бұл – дұрыс жүйе. Жаңа технологияны енгізіп, заманауи әдістер арқылы өнім көлемін арттыратын немесе потенциалы жоғары салаға субсидия бар. Сонымен қатар, шаруалар «мен фермермін, демек маған субсидия беру керек» деген біржақты ойдан аулақ болу керек. Нарық бар жерде сұраныс пен талап болады. Сол себепті мемлекет өсімге басымдық береді және Ұлттық палата бұл ұстанымды қолдайды, – деді Ербол Есенеев.

Маманның айтуынша, еліміз 5 млрд долларға азық-түлік импорттайды, ал бар болғаны 3 млрд долларға экспорттайды. Баланс жоқ.

Біз тоннасы 1-1,5 мың долларға бағамен өнім кіргіземіз. Бірақ сол заттың шикізатын 300-350 доллармен сатамыз. Мысалы, бидай, ет, көбіне тірі қара мал солай тепе-теңдікті сақтамайды. Бұл дұрыс емес. Алдағы 5-10 жылда осы тепе-теңдекті реттеу керек. Біз ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек. Нақты бағыт бар – импортты алмастыру. Отандық өнімді арттыру қажет, – деп түсіндірді мәселені Ұлттық палата өкілі.

Сондай-ақ, сарапшы азық-түлік бағасын нарық реттейтінін жеткізді. Ал, экспортқа тыйым салу, қоймада «уақыты келгенін күту» – тағы басқа амалдың тиімсіз екенін атап өтті.

Өкінішке қарай, қазір мемлекет экспортты реттеуге жиі араласады. Мысалға, бидай, май, тұқым майына, етті экспорттауға бірде тыйым салады, бірде алып тастайды. Бұл кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіреді. Онсыз да нарық құбылмалы, оның үстіне тағы бір тыйым қосылған кезде шаруалар бұл саламен айналысуды доғарғысы келеді. Ал, азық-түлік бағасын төмендету үшін өнімді көбірек өндіру керек. Басқа формула ойлап табудың керегі жоқ, – деді ол.

Маман бұдан бөлек тауардың өзіндік құнына техника, еңбек көзі, қажетті құрал-саймандардың қымбаттауы, логистика секілді әсер ететін факторлар көп екенін де ескертті. Сол себепті сарапшы «бағаның құбылмалы екеніне әрдайым дайын болуымыз керек» дегенді айтты.

Әрине, қоғамның кейбір бөлігі үшін бұл баға тым қымбат болуы мүмкін. Бірақ кәсіпкер бағаны жайдан-жай көтермейді. Оның түпкілікті бағасын белгілегенде өндірістегі негізгі шығындары мен сату сөресіне дейінгі шығынды есептеп қояды. Мысалы, биыл ауыл шаруышылығының техникасы қымбаттады. Былтыр К700 бағасы 40 млн теңгедей болса, биыл 86 млн теңге болды. Өткен жылы ең қарапайым комбайн 70 млн теңге болса, биыл 140 млн теңге тұрады. Бұл тауардың өзіндік құнына әсер етпей қоймайды. Сол себепті тұтынушы азық-түлік бағасы тым арзан немесе тегін болады деп ойламауы керек, – деп түсіндірді Ербол Есенеев.

Ұлттық палата өкілі еліміздегі шаруалардың еңбегін ерекше атап өтті. Фермер аяқ астынан күн суып кетсе, егінді үсік алмасын деп шабаласа, қуаңшылық жайласа, қалай суарам деп тағы бір қиналады. Бұл дегеніңіз табиғи факторлардың өзі шаруаның өніміне тікелей әсер етіп, сол кезден-ақ бағасына ықпалын тигізбей қоймайды. Адами факторлармен алысып жүргенде мұндай қиындықтарға тап болса, бұл тығырықтан да жалғыз шығуға тырысатын тағы сол – шаруа.

Қазақстандағы әрбір фермерге ескерткіш тұрғызуға болады. Шаруалар баланс іздейді, бірдеңелер өндіруге тырысады. Сол себепті мемлекеттің қолдауын күтіп жүрмейді. Өйткені, мемлекеттің қолдауы бүгін жарияланса, ертең басқа адам келіп жояды. Ішкі нарықта арзан өтсе, сыртқа шығарғысы келеді. Себебі ішкі нарықты қамтып отыр. Ал экспортқа апарайын десе, шектеу қоя салады. Осылайша, техниканы жаңарту, кадрларды даярлау кейінге қала береді. Ал, фермердің көз алдында алдағы 5 жылға нақты жоспары тұрса, мемлекет қолдауын тұрақты көрсетсе, онда шаруашылық дамиды. Онда бәріміз егін егіп, мал бағуға құштар болар едік, – деп түйіндеді пікірін Ербол Есенеев.