Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті немістің HiPP бренді шығаратын балалар тағамының Қазақстан нарығына түсуі мүмкін екендігі туралы ақпаратты тексерді.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Бұл тексеріс Еуропада аталған өнімнің құрамынан егеуқұйрық уы табылғаны туралы хабарламалардан кейін жүргізілді, деп жазады tengrinews.kz.
Не болды?
Ведомство ақпаратынша, Еуропалық Одақтың құзыретті органдарынан Тамақ өнімдері мен жемшөп сапасы туралы жедел хабарлау жүйесі (RASFF), сондай-ақ ДДСҰ-ның Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық органдар желісі (INFOSAN) арқылы бұл заңбұзушылық туралы комитетке ақпарат түспеген.
"Бұл өнім Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізілімінде тіркелмеген. Сондықтан оны Қазақстан мен ЕАЭО аумағында сатуға рұқсат етілмейді", - делінген ресми хабарламада.
Комитет аталған өнімнің саудаға түсу-түспеуін тексерді. Бүкіл ел бойынша жүргізілген мониторинг мәліметтеріне сәйкес, дүкендерден осы маркалы балалар тағамы табылмады. Ведомство азаматтарды мұндай тауарлар сөрелерде пайда болған жағдайда хабарлауға шақырды.
Мән-жай
Тексеріске Австрияда балалар тағамы салынған құтыдан егеуқұйрық уының табылуы туралы жаңалықтар себеп болды. Уланған құтылар Чехия мен Словакиядан да табылған.
Жергілікті құқық қорғау органдары мәліметінше, өндіруші өнім құрамына бөгде заттардың қосылуы мүмкін деген күдікке байланысты сәбіз бен картоп езбесі салынған құтыларды кері қайтарып алатынын жариялады.


