Балаларды қолдау үшін қамқоршылық органдарында кейс-менеджер қызметі енгізіледі

0
96

Балалардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау, көбіне, мамандардың біліктілігіне байланысты.


Балаларды қолдау үшін қамқоршылық органдарында кейс-менеджер қызметі енгізіледі

ERNUR.KZ. Қазіргі таңда елімізде балаларды қорғау жүйесін 14 мыңнан астам қызметкер қамтамасыз етеді. Бұл - қамқоршылық органдарының қызметкерлері, педагог-психологтер және әлеуметтік педагогтер. Аймақтарда құрылатын балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының қызметі заң жүзінде реттелді. ҚР оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Қазіргі таңда 4 өңірде (Астана қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары) балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды, қалған өңірлерде ағымдағы жылдың наурыз айына дейін ашылуы күтілуде. Тұжырымдама аясында барлығы 20 басқарма құрылады.

Оның хабарлауынша, әр баланы жеке қолдау мақсатында қамқоршылық органдарында кейс-менеджер қызметі енгізіледі. Педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтерге жаңа талаптар белгіленіп, олар жыл сайын оқытудан өтеді. Сонымен қатар қамқоршылық органдарының мамандарына жыл сайын 200 білім беру гранты бөлінеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз орта құруға кең ауқымды шаралар іске асырылды. «Келешек» мектептері ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салынды. Сондай-ақ мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған шаралар балалардың заманауи әрі қауіпсіз оқу жағдайларына қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қала мен ауылдағы білім беру сапасының ортасын теңестіруге мүмкіндік берді. 677 балабақшаның ашылуы 65 мың баланың мектепке дейінгі білімге қолжетімділігін арттырды. Балалардың қауіпсіздігі үшін мектептер маңындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көшелерге жарық шамдары орнатылды. Жаңа тұрғын үйлерде терезелерге қауіпсіздік құлыптарын орнату заңмен талап етіледі. Тұжырымдама аясында бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай дамыту шаралары қабылдануда», – деді спикер.

Соның ішінде балаларды тасымалдау стандарттарын жаңарту, «Балалар қауіпсіздігі терезесі» республикалық акциясын жүргізу жоспарланып отыр. Балалардың қауіпсіздігі туралы ата-аналарды SMS арқылы хабардар ету енгізіледі. Қауіпсіз шомылу орындары желісі кеңейтіліп, балаларға жүзу дағдылары жүйелі түрде үйретіледі.

Жетім балалар мен ата‑анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау аясында интернаттық тәрбие моделінен отбасылық тәрбиеге көшу жүзеге асырылуда. Балалар үйлерінің саны азайып, балалардың 82%-ы отбасыларда тәрбиеленуде. Оларды қолдау және өз бетінше өмірге дайындау үшін 360 тәлімгер тартылған.

Елімізде «Мейірім» акциясы жүргізілуде: оның аясында 1,5 мың патронаждық ұйым жұмыс істейді, ал тәрбиеленушілерге болашаққа бейімделу үшін қаржылай көмек көрсетіліп, қаражат жеке есепшоттарына аударылған. Тұжырымдама аясында жетім балалар мен интернат түлектерінің қоғамға бейімделуін қамтамасыз ету үшін тәлімгерлікті дамыту жоспарлануда.

Сонымен қатар қабылдаушы ата-аналар мектептерін трансформациялау, 111 ұйымның материалдық‑техникалық базасын нығайту, 100 кәсіби қабылдаушы отбасыны оқыту, Республикалық жетім балалар деректер базасын жаңарту және барлық педагогтерді жетім балалармен жұмыс істеуге оқыту көзделген.