Барыс жылы: 2022 жыл қандай болады

0
4 321

Қазақ халқының жорамалдарында Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы деп саналған.


Барыс жылы: 2022 жыл қандай болады

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Барыс — қоян жылынан бұрын, сиыр жылынан кейін кіретін жыл. Қазақтың жыл санауы бойынша 2022 жылы барыс жылы кіреді. Әр жылдың өзіне тән мінезі, ерекшелігі бар, деп жазады sputnik.kz.

Жыл қайыру

Қазақта жыл қайыру, яғни санау он екі жылдан тұрады. Он екі жылды ата-бабамыз бір мүшел деп білген. Бір мүшелдің жылдары он екі түрлі аң мен жануардың атымен аталған.

Бірінші – тышқан жылы, екінші – сиыр, үшінші – барыс, төртінші – қоян, бесінші – ұлу, алтыншы – жылан, жетінші – жылқы, сегізінші – қой, тоғызыншы – мешін, оныншы – тауық, он бірінші – ит, он екінші – доңыз жылы.

Әр мүшел аяқталып, екіншісі басталғанда, он үшінші жыл тағы да тышқаннан саналып, есеп қайта ашылады. Бірінші мүшел – 13 жас, содан кейін он екі жылдан қосыла береді.

Ел арасында тараған аңыз-әңгімеге сүйенсек, жылдың басы тышқан аталатын себебі – тышқан бойы барлығынан ұзын түйенің құлағына шығып кетіп, жылды ең бірінші болып көріпті. Ал түйе бойына сеніп жылдан құр қалып, қалғандары жақындап келе жатқан жылды көру ретімен жыл аттарын иемденіпті-міс.

Тағы бір аңызда "Шығыс күнтізбесіндегі жыл қайыру аспан асты Түрік елінің ең бірінші ханы Қисаға-Тәңірдің кең көлемдегі аң аулау кезінде барлық аңдар қашып, судан жүзіп өтіп құтылуды ойлапты. Содан Іле өзенінен төмендегі тәртіппен жүзіп өтіпті. Бірінші болып суға тышқан, оның артынан сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, ең соңынан доңыз жүзіп өтіпті. Осы рет саны шығыс күнтізбесінде күні бүгінге дейін сақталып қалған" деп айтылады.

Барыс жылы қандай болады

Барыс – сиыр жылынан кейін, қоян жылынан бұрын кіретін мүшел есебінің үшінші жылы. Орталық Азия халықтарының күнтізбелерінде қолданылады. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Барыс жылын жолбарыс жылы деп те атайды.

Барыс сақтардың ұғымында қасиетті аң болған. Қазақ халқының жорамалдарында Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы деп саналған.

Барыс жылы туғандардың табиғи белгісі – ағаш. Барыс жылғылар өте мықты, қажырлы, шынайы, жомарт болып келеді. Жаман қасиеті: тынымсыз, өз басын ойлап қалған өзімшілдеу.

Барыс жылы қиындық пен қуанышқа, ауыртпалық пен жақсылыққа толы жыл. Дегенмен, бұрындары тарихта барыс жылына қатысты елеулі оқиғалар болмаған. Сол себепті барыс жылын қазақтар жайсыз жыл деп санамайды. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) барыс жылы туып, ұлу жылы қайтыс болған. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы барыс жылымен тұспа-тұс келді. Мұстафа Шоқай барыс жылы дүниеге келіп, жылан жылы өмірден өтті.