Тараз қаласындағы 158/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Қырғызстан азаматының аштық жариялап, наразылық ретінде аузын тігіп тастағаны туралы мәлімет тексеріліп жатқанын хабарлады azattyq.org ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
фото: azattyq.org
Тараз қаласындағы 158/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Қырғызстан азаматының аштық жариялап, наразылық ретінде аузын тігіп тастағаны туралы мәлімет тексеріліп жатқанын хабарлады azattyq.org ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Бас прокуратура ақпаратына қарағанда, үшінші топтағы мүгедек Тентемишев денсаулығына байланысты 2007 жылдың қазан айынан бастап мекеменің медициналық бөлімінде емделген. Ал биыл ақпан айында денсаулығы жақсарған соң қалыпты режимге ауыстырылған, бірақ сотталушы түрме әкімшілігінің бұл шешіміне қарсылық білдірген.
Бұдан соң Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлері Тентемишевпен кездесіп, түрме әкімшілігі оған емдеу бөлімінде бұдан ары қалуға болмайтынын түсіндірген және ол өзін ауыстыруға "наразы емесін" айтқан. Дегенмен, бас прокуратура түрме әкімшілігінің сотталушы құқығын толық сақтаған, я сақтамағанын тексеруді жалғастыра бермек.
Қырғызстан азаматы Эркинбек Тентемишевтің түрмеде наразылық танытқаны туралы алғаш Қырғызстанның адам құқығы жөніндегі уәкіліне сілтеме жасап Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлаған. Қырғыз омбудсмені кеңсесінің ақпараты бойынша, үшінші топтағы мүгедек деп танылған 37 жастағы тұтқын Тентемишев мұндай қадамға өзіне түрме әкімшілігі тарапынан "ұлтына байланысты қысым жасалғаны" себепті баруға мәжбүр болғанын мәлімдеген. Қырғызстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Кубат Оторбаев тұтқындағы қырғыз азаматының құқығын қорғау, оның шағымындағы дерек расталған жағдайда кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылуына жәрдем көрсетуін сұрап Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкіліне өтініш білдірген.
Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілінің кеңсесі кейін Азаттыққа Қырғызстан азаматы Эркинбек Тентемишевтің жағдайына алаңдаушылық білдірген Қырғызстан омбудсменінің өтініші бойынша тұтқынның жай-күйімен танысу үшін абақтыға арнайы баруды жоспарлап отырғанын хабарлаған.
Қазақстан бас прокуратурасы бұған қоса Эркинбек Тентемишев осыған дейін жазасын өз елінде өтеуге өтініш бергенін, бірақ Қырғызстан бас прокуратурасы 2017 жылы 21 маусымда ол жасаған қылмыстың "қоғамдық қаупі жоғары" екенін айтып, оны қабылдаудан бас тартқанын айтады.
Ресми мәлімет бойынша, Эркинбек Тентемишев 2016 жылы желтоқсанда аса ірі көлемде есірткіні жасырын өткізді деген айыппен 15,5 жылға сотталған.