Басынан оқтаумен ұрып, жарып жіберген.
Видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Қарағандыда тәрбиеленушілерді жәбірледі деген патронаттық отбасы сотталып жатыр. Жарақат алған алты баланың бірі соққыдан кейін мүгедек болып қалған екен. Сот отырысында жеткіншектер басынан өткергендерін бөлісті, деп жазады stan.kz.
Қарағандыда сот отырысында екі үлкен ұл куәлік берді. Олардың екеуі де 16 жаста. 8 жасар баланың басында тыртық бар. Басынан оқтаумен ұрып, жарып жіберген. Баланың айтуынша, осыдан кейін Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында бірнеше рет ота жасалған. Оның бас сүйегіне пластина орнатылған. Бас сүйегі өскен сайын пластинаны ауыстырып тұру керек екен. Ота жасалған бала психикалық ауытқулары бар балаларға арналған балалар үйінде, эпилепсия ұстамасы бар.
Сондай-ақ жасөспірімді аязды күні жалаңаш алып шығып, итпен қорқытқан дейді. Аула мен қора тазалауға мәжбүрлеп, суреттерін өртеп жібергенін айтты. Ол екі рет қашып кетпек болыпты.
Балалар ортақ дастарханда тамақ ішпегендерін айтады. Көбіне аш болса да, тамақ сұрауға қорқатын. Екінші баланың айтуынша, қамқоршылардың биологиялық балалары оларды көсеумен немесе шегелі таяқпен ұрған.
— Отбасындағы адамдарды қалай атап жүрдіңдер?
— Бізге оларды "ханым", "ханзада" деп атаңдар дейтін.
— Нұрайым, сіздерге тек макарон берді ме, әлде тағы басқа болды ма?
— Фасоль беретін.
— Сендерді азаптау үшін тағы бірдеңе жегізетін бе еді?
— Иә, сиырдың жапасын.
Тағы бір бала үй иелері қит етсе, көкала қойдай қып сабап, нәр татырмай қоятынын айтты. Сарапшылар үнемі таяқ жеп келген балалардың денесінен 19‑дан 47-ге дейін тыртықтарды анықтаған.
“Менің басымды оқтаумен жарды, "әткеншектен құладым" деп айта сал деді. №45 кварталда ауруханада жатқан кезде дәрігерлерге "мені оқтаумен ұрды" деп айттым. Мына жерімнен оқтаумен ұрды, мына жеріме пластина қойды. Мына жерімді тікті”, – деді бала.
Мемлекет балаларды күтіп-бағуға ақша бөлді, бірақ оларға қорада жұмыс істеуге ғана аяқ киім берілді. Көбіне басқалардан қалған аяқ киіммен жүрген.
Жәбірленушілердің адвокаттары сотқа сотталушылардың туған қызы келуін сұрады. Соңғы отырыста олардың адвокаттары прокурорға қарсы шағым түсіріп, сот оны қанағаттандырды.