"Бас сүйек-ми жарақатын алған": Абай облысында көлік қағып кеткен балалардың жағдайы белгілі болды

0
95

Жол апаты салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды.


Фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Денсаулық министрлігі Абай облысындағы Бестерек ауылында жол апатынан зардап шеккен балалардың бірі аса ауыр жағдайда, тағы екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Науқастардың жағдайының ауырлығы алған жарақаттарына байланысты. Балаларға бас сүйек-ми жарақаты, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылды.

“Балалардың жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін оларды әуе бортымен Астанаға жеткізу мәселесі қарастырылады. Қазір науқастардың біріне дәрігерлер тобы миға күрделі нейрохирургиялық операция жүргізіп жатыр, ішкі ағзалардағы қан кету тоқтатылды”, – делінген министрлік хабарламасында.

Еске салайық, бұған дейін 19 тамызда Абай облысы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші Toyota көлігімен бір топ баланы қағып кетті. Жол апаты салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алды.

Жүргізуші ұсталды, ол мас болмаған. Қайтыс болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыруда материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі. Президенттің тапсырмасымен Үржар ауданына дәрігерлер мінген әскери ұшақ жіберілді. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, жағдай облыс әкімдігінің ерекше бақылауында.