Баспалдақтан құлаған баланың әкесі: дәрігерлер ота жасаудан қорқып отыр

0
422

Дәрігерлер бас сүйек жарақатын алған баланы 10 күн ауруханада емдеп, сосын үйге шығаратынын айтқан.


Баспалдақтан құлаған баланың әкесі: дәрігерлер ота жасаудан қорқып отыр

ERNUR.KZ. Астанадағы нөмірі №14 мектептің баспалдағынан құлап кеткен 2-сынып оқушысының ата-анасы оқыс жағдайдың қалай болғанын айтып берді, деп жазады sputnik.kz.

Оқиға 18 қыркүйекте сағат 17:15 шамасында болған.

"Бала құлаған соң қырық минуттан кейін жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем 50 минуттан кейін келген. Бізге айтпаған. Біз бір сағаттан кейін естідік. Мектеп баспалдағының жанында қорғаныс темірі жоқ. Кішкентай бала түгіл, үлкен оқушы да құлап кетеді ана жерден. Оқушылардың қауіпсіздігі ойластырылмаған", -дейді зардап шеккен оқушының әкесі Бекжан Қожамқұлов.
Оның айтуынша, баланың қазіргі жағдайы өте ауыр.
"Дәрігерлермен жаңа ғана сөйлестік. Біз тәуекелге бара алмаймыз деп, балама ота жасаудан бас тартып жатыр. Ашық бас сүйек жарақатын алған. Көздің айналасы, мұрын ішіндегі сүйегі сынған. Дәрігерлер баламның екі көзі 50% көрмейді деді. Енді шетелдік дәрігерлердің көмегіне жүгінуіміз керек. Біздің дәрігерлер "10 күн ауруханада емдейміз, сосын үйге шығарамыз" деп отыр. Ал балама отаны дереу жасамасақ болмайды", - дейді Бекжан Қожамқұлов.
Ол бала құлаған баспалдаққа тікелей мектеп басшылығы жауапты деп есептейді.
"Мектеп директоры "мұнда жұмыс істегеніме 9 ай ғана болды" деп жауапкершілікті мойнына алмай отыр. Ал менің баламды емдетуге қыруар қаражат керек. Бар шығынын мектеп әкімшілігі өтеп берсін", - дейді әке.
Ал қалалық білім басқармасы баспалдақта қоршау бар деп отыр.
"Астана қаласының № 14 мектеп-гимназиясының оқушысы 2-қабатқа көтерілгенде баспалдақтан құлады, негізі баспалдақ қоршауы бар. Баланың айтуынша, оны сыныптасы итеріп жіберген. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылды. Бала қалалық балалар ауруханасында жатыр. Есін біледі, жағдайы тұрақты. Комада болған жоқ", - дейді ведомство.
Білім басқармасының айтуынша, қазіргі күні мектеп директорына қатысты шара қабылдау туралы мәселе қарастырылып жатыр.