Басшылардың кабинеті тиісті нормадан аспауы шарт - ереженің талабы

0
2 124

Астана қалалық департаменттің басшысы Жазира Жылқышиеваның айтуынша, қазіргі ереже бойынша мектеп директорларының кабинеті 32 шаршы метрден аспауы қажет.


Басшылардың кабинеті тиісті нормадан аспауы шарт - ереженің талабы

ERNUR.KZ. ҚР Мемлекет қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Жаңа формат» акциясын жалғастыруда. Аталған бастаманың негізгі мақсаты - басшылардың кабинеттерін оңтайландырып, бюджет қаржысын барынша үнемдеу. Акцияның алғашқы кезеңінде мектеп басшыларының кабинетері тексерілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Астана қалалық департаменттің басшысы Жазира Жылқышиеваның айтуынша, қазіргі ереже бойынша мектеп директорларының кабинеті 32 шаршы метрден аспауы қажет. Ал қабылдау бөлмесі 12 шаршы метр болуы шарт. Басқа мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты нақты нормалар да бар.

«Негізі, министрліктердің өздерінің нормалары бар. Білуімше, 45 шаршы метр. Бірақ біз үшін, аумақтық департмент басшылары үшін 25 шаршы метр. Менің кабинетім сондай болуы қажет. Ал қабылдау бөлмесі 10 метрден аспауы шарт. Әкімдікке қарайтын басқарма басшыларының кабинеттері де солай. Бұл - нақты ереженің нормасы. Қазіргі кезде біз басшылардың бірінші қабатта орналасуы бойынша ұсыныс жазып жатырмыз. Соны қарауға енгіземіз. Өйткені бүгінгі ережеде басшылардың бірінші қабатта отыруы тиіс деген норма жоқ. Ал норма болмағаннан кейін барлығы үстіне шығып, кабинеттерін кеңейтіп алған. Оны мектептерді тексеру кезінде байқадық. Кабинеттің арғы жағында тағы бір кабинет бар, қабылдау бөлмелері қандай. Бүгінде Астанадағы мектеп директорлары біздің бастамамызды қолдады. Бірнеше мектептің директоры бірінші қабатқа түсті. Ал олардың бұрынғы кабинеттерінде оқушылар сабақ оқитын болды», - деді Ж.Жылқышиева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның сөзіне қарағанда, кеңестер кезінде жақсы бір тәжірибе болған. Мектеп директорлары ғимараттың бірінші қабатында отырып, оқушыларға да, ата-аналарға да барынша жақын болды.

«Біз өзіміз кеңестер кезінде мектепте оқыған едім. Сол кезде мектеп басшылығы, барлық директорлар бірінші қабатта орналасатын. Бізді күтіп алады, шығарып салады. Ата-аналармен үнемі араласып тұратын. Өкінішке қарай, соңғы кезде біз осы бір жақсы тәжірибені жоғалтып алдық. Оны жаңғырту қажет», - дейді Ж.Жылқышиева.

Айта кетейік, акцияның алғашқы кезеңінде мектеп басшыларының кабинеттері нормадан екі-үш есеге артық екені анықталды. Мәселен, №54 мектеп-лицейде директор 90 шаршы метрді қамтитын жұмыс, демалыс және қабылдау бөлімдерін босатып берді. Қазір ол жерде мұғалімдерге арналған жұмыс бөлмесі орналасты. Директордың жаңа кабинеті 13 шаршы метр болды. Сол сияқты 17-ші мектеп-директорының кабинетін 40 шаршы метр болса, қазір ол бірінші қабатқа ауыстырылды. Бұрынғы кабинетте оқушылар робототеxника және шығармашылық шыңдау бойынша білім алуда.

№80 мектеп-гимназиясының директоры да жаңа акцияны қолдады. Ол 53 шаршы метрді босатып берді. Қазір ол жерде қосымша сабақтар өтіп жатыр. 71-ші мектеп-лицей де солай. Директоры 50 шаршы метрді босатып, бірінші қабатқа көшті.

«Бүгінде аталған мектептердің басшылығы астында отырып, бәрін көріп отырады. Оқушылардың кіргенін-шыққанын және басқа да жағдайларды бақылауға мүмкіндік бар. Халыққа жақын болу деген осы. «Осыны өздеріңіз ойламадыңыз ба?» деп сұрасақ, жоқ дейді», - деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева. «Жаңа формат» акциясы медицина мекемелерінде жалғасады.