Мектептердегі бастауыш сыныптардағы бағаланатын тапсырмалардың мазмұны жаңарады.
ERNUR.KZ. Бағалау тапсырмалары баланың білімін тексерумен ғана шектелмейді. Олар білімді қолдануға, оқу жетістігін арттыруға және қажетті дағдыларды дамытуға бағытталады. Бұған дейін диктант, бақылау, шығарма, мазмұндама сияқты жазба жұмыстары формативтік бағалау шеңберінде алынып, оларға сабақтың 20-25 минуты ғана бөлінетін. Енді мұндай жұмыстар аралық бағалаудың негізгі нысандарының бірі ретінде өткізіліп, оларды орындауға толық сабақ уақыты, яғни 45 минуты беріледі. Бұл жайлы ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында айтты.
Тілдік пәндер бойынша тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары бағаланады. Тыңдалым мен айтылым аралық бағалау жоспарланған аптада, сабақ барысында бағаланады.
«Аралық бағалау оқушының меңгерген білімін оны қолдану дағдылары мен сабақтастықта бағалауға мүмкіндік береді. Жазбаша жұмыстарды орындау тәртібі де нақтыланады. Тілдік пәндер мен математика бойынша жазбаша жұмыстар дайын шаблондарда немесе алдын ала әзірленген жауап парақтарында орындалмайды. Барлық жазбаша жұмыс оқушының дәптерінде орындалады. Бұл баланың өз бетінше жазуына, есепті шешу жолын және жұмыс ретін көрсетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ педагогке әр бағалау жұмысы үшін жеке жауап парақтарын немесе бланкілерді әзірлеу қажеттілігі азаяды. Дәптерде орындалған жұмыс мұғалімге тек соңғы жауапты емес, оқуышының тапсырманы қалай орындағанын, қай жерде қиналғанын, қай дағдыны әрі қарай дамыту қажетттігін көруге мүмкіндік береді», – деді спикер.
Аралық бағалаудың ең жоғары балы: 2-сыныпта – 12 балға дейін; 3-сыныпта – 14 балға дейін; 4-сыныпта – 16 балға дейін болып, нақты белгіленді. Нақты ең жоғары балл тапсырмалардың санына, мазмұнына және күрделілік деңгейіне қарай анықталады. Аралық бағалау тапсырмаларын педагог оқу мақсаттарына сәйкес өзі әзірлейді. Бұл ретте Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік ұсынымдарын басшылыққа алады.
Жүйеде тағы бір өзгеріс бар. Енді барлық пән бойынша оқу нәтижесі бағаланады. Бұған дейін жеке бағаланбаған «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндері бойынша күнделікті формативтік бағалау жүргізіледі және аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі. Бағалау пәннің ерекшелігіне қарай практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстар арқылы жүргізіледі. Ал, тоқсандық баға автоматты түрде шығарылады. Оның 50-ы формативтік бағалау нәтижесінен, 50%-ы аралық бағалау нәтижесінен құралады. Осылайша, тоқсандық баға баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегі мен бөлімдер бойынша көрсеткен нәтижесін тең дәрежеде ескереді.
Айта кетерлігі, бұрын педагогтердің бағалау нәтижелерін бірлесіп қарап, балл қою талаптарының біркелкі сақталуын қамтамасыз ету үшін модерация жүргізілетін. Енді бастауыш сыныптарда модерация өткізілмейді. Бұл педагогтердің бағалау рәсімдеріне байланысты жүктемесін азайтып, сабаққа және балалармен жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.


