"Басты арманы – ана атану еді": Нүкенованың ағасы жарыссөз кезінде көзіне жас алды

0
399

Айтбек Амангелді қаншалықты қайғырып жүргенін және бұл оқиға отбасының қалай күл-талқанын шығарғанын айтты.


ERNUR.KZ. Әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша сот отырысында жарыссөз басталды. Марқұмның ағасы Айтбек Амангелді соңғы сөзін айтып жатқанда көзіне жас алды, деп жазады stan.kz.

Айтбек Амангелді қаншалықты қайғырып жүргенін және бұл оқиға отбасының қалай күл-талқанын шығарғанын айтты.

“Салтанаттың басты арманы – ана атану еді. Бірақ бұл арман орындалмасқа кетті. Құрбыларының балаларының туған күні, т.б. мерекелерін қалдырмайтын. Салтанат кіндік шешесі болған балалар әлі күнге дейін оған қоңырау шалып, ол бір күні жауап береді деп үміттенеді”, – деді Айтбек Амангелді.

Сөзінше, биыл олардың ата-анасы 60 жасқа толады. Салтанат екеуі оларға сыйлық жасауды ойластырып жүрген.

“Бұл отбасыда бәрі бірге шешім қабылдап, болашаққа мақсат қоятын. Біліміне инвестиция құйды. Ата-анамызбен төртеуміз саяхаттаймыз деп ойладық. Менің ата-анам 60-қа толды, тағы да жастан жасқа толады, ал Салтанат мәңгі 31 жаста болып қалады”, – деді ол.

Айтуынша, Нүкенова ісіне адал болған, жұмысын шын көңілімен жақсы көріп, қыз-келіншектерге көмектесуді өз миссиясы деп санаған.

Ол, сондай-ақ, желіде Салтанатты қаралап жатқандарды сынады.

“Жарты жылда біз қайғырып та үлгермедік, өйткені қызу күрес пен майданда жүрміз. Марқұм жақынымыздың арын қорғап жүрміз. Түрлі қаралаған ақпараттың әрқайсысын жоққа шығарумен жүрміз. Өтірік – жаман адамдардың қаруы. Салтанаттың атын қаралауды доғарыңыздар”, – деді марқұмның ағасы.

Оның айтуынша, сотталушы тіпті кінәсін түсінген жоқ.

“Сот отырысында қисынсыз ойлар айтып, қалғып отыр. Ол өзін хан сезініп, өзінен төмендерді кемсітуді әдетке айналдырған. Ондай адам қатесін ұқпайды. Ол лайықты жазасын алмаса, кейін одан да сорақысын жасайды. Одан адамдықты, өкінушілікті көріп тұрған жоқпын. Не айтса да, ол Салтанатты қинап өлтірді. Ол күні Салтанат қана өлген жоқ, ата-анамыздың рухы мен көз жанары да қоса өлді”, – деді ағасы.