Басы дауға қалған министр Бекетаев отставкаға кетпейтінін айтты

0
2 260

Қазақстанның заңгерлер қауымдастығы кәсіби құқықтарының бұзылуына байланысты әділет министрі Марат Бекетаевтың отставкаға кетуін талап етті.


Басы дауға қалған министр Бекетаев отставкаға кетпейтінін айтты

ERNUR.KZ. Әділет министрлігінің басшысы Марат Бекетаев адвокаттардың министр отставкаға кетсін деген талабына қатысты түсініктеме берді, деп жазады sputnik.kz.

Брифингте журналистер Бекетаевтан Қазақстан президентінің атына петиция жолдаған заңгерлер қауымдастығының талабы жайлы не ойлайтынын сұрады.

"Мен петицияның мәтінімен танысып шықтым, әкімшілік рәсімдер туралы заңға сәйкес бұл петиция өтініш болады. Осы заңға сәйкес, лауазымды тұлғаның қандай да бір әрекетіне шағым сол лауазымды тұлғаларға жолданбауы тиіс" – деді Марат Бекетаев.

Сондай-ақ ол заңға сәйкес шағым түскен лауазымды тұлғаның өтінішті қарау барысына қандай да бір ықпал жасауына, өтініштің мазмұнына қатысты түсініктеме беруіне тыйым салынатынын алға тартты.

"Осылайша әкімшілік рәсімдер туралы заң петицияға қатысты түсініктеме беруіме тыйым салады", - деді министр.

Қызметтен кетесіз бе деген сұраққа әділет министрі кетпейтінін айтты.

"Мен отставкаға кетпеймін", – деп қорытындылады сөзін министр.

Заңгерлердің президентке үндеуі

18 наурызда интернетте қазақстандық адвокаттар, нотариустер мен заң кеңесшілері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына әділет министрі Марат Бекетаевтың отставкасын талап еткен петицияға қол жинап жатыр деген ақпарат пайда болды.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұдан бұрын заңгерлер қауымдастығы "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заңға өзгертулер енгізуге байланысты еліміздің заңгерлер қауымдастығында әлеуметтік шиеленіс тудыратын кейбір мемлекеттік органдардың қауіпті әрекетіне қатысты өтініш жолдаған болатын. Заң жобасын сенат мәжіліске қайта қарастыру үшін жолдады, дегенмен заңгерлер мен адвокаттардың тәуелсіздігі сияқты негізгі мәселе ескерусіз қалды", - делінген үндеу мәтінінде.

Петиция авторлары өз құқығы үшін және "тәуелсіздікке нұқсан келтіретін заңсыз әрекеттермен күресеміз" деп мәлімдеді.

Петиция мәтінінде көрсетілгендей, әділет министрі Бекетаевқа мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктелген. Заңгерлердің айтуынша, ведомства басшысы "кәсіби заңгерлер арасында әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін шара қабылдай алмады, ел азаматтарына зиян келтіріп, өз мүдделерін көздейтін шағын топтың сойылын соқты".

Адвокаттар 2000 қол жинауды жоспарлап отыр, қазіргі уақыттағы саны - 1 194.