Басымызға қару тақаса да, жұмысымызды адал атқардық – кардиолог дәрігерлер

0
670

Алматы қалалық кардиология орталығының қызметкерлері бұзақылар шабуыл жасап жатса да, науқастарға дер кезінде көмек көрсеткен.


Басымызға қару тақаса да, жұмысымызды адал атқардық – кардиолог дәрігерлер

Алматыдағы бейберекет кезінде алдыңғы шепте жүріп еңбек еткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбегі ерен. Дәл осы қиын кезде Алматы қалалық кардиология орталығының қызметкерлері де күн-түн демей, ауруханаға бұзақылар баса-көктеп кіріп, шабуыл жасап жатса да, жараланған науқастарды қабылдап, дер кезінде көмек көрсеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Almaty арнасына сілтеме жасап.

Алматыдағы ауруханалар мен емханаларға төнген қауіпке қарамастан, олар толық құрамда жұмыс істеп, жағдайдың тұрақталуына барынша атсалысты. Қалалық кардиология орталығының қызметкерлері Алмат Қодасбаев жауапкершіліктің жүгін арқалаған жандардың біліктілігі сыналған шақта ұжымның жұмыла жұмыс істегенін алға тартты.

«Айқай-шуды, мылтық кезенген жастардың іс-әрекетін көргенде үрейленіп, көздеріне жас алып, біраз уақыт шошынған азаматтар болды. Бірақ олардың бәрі өз қызметін адал атқара білді», – деді қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Алмат Қодасбаев.

Қаңтардың 5-інен 6-ына қараған түні бұзақылар жедел-жәрдем көлігін ұрлап кетпек болған. Сонымен қатар ауруханаға бұзақылар баса көктеп кіріп, дәрігерлерге шабуыл жасаған. Қабылдау бөлімінен кіріп, ота жасау бөлімінің аға медбикесінің басына, маңдайына қару кезеген.

«Иә, сол кезекшілік кезінде қолында қаруы бар 5-6 жігіт баса-көктеп кіріп, маңдайыма қару тақап, «атып тастаймын» деп қорқытты. Сондай қиын жағдайда болдық», – дейді қалалық кардиологиялық орталықтың қабылдау бөлімінің кезекші дәрігері Алмас Темірбаев.

Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, әрбіріміздің аман-саулығымызды әрине, ақ халатты абзал жандар бақылайды. Ел басына күн туған кезде де олар өз міндетін абыроймен атқарып шықты.