Батыс Қазақстан облысында қуаты 12 мегаватт болатын жаңа жылу электр турбинасы іске қосылды

0
162

Жаңа турбинаның іске қосылуы энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді.


Батыс Қазақстан облысында қуаты 12 мегаватт болатын жаңа жылу электр турбинасы іске қосылды

Орал қаласындағы жылу электр орталығында қуаты 12 мегаватт болатын жаңа №1 турбина іске қосылды. Бұл турбинаның тозығы жетіп, 10 жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған. Нәтижесінде ескі турбинаның орнына 3,2 млрд теңгеге жаңа турбина сатып алынып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Жаңа турбинаның іске қосылуы энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жылу электр орталығындағы өндіріс 46 МВт-ты құрайды. Жаңа турбинаның арқасында өндірілетін электр энергиясының қуаты 12 МВт-қа артады.

Соңғы екі жылдың өзінде жылу-энергетика саласын жаңғырту мақсатында бюджеттен 15,6 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталған. Соның нәтижесінде бірқатар маңызды жобалар іске қосылды. Атап айтқанда: насостық стансадағы тарату құрылғысы, градирня, жаңа қазандық, №2 және №5 жылу магистралін қайта жаңғырту, сондай-ақ Зашаған кентіндегі жаңа қазандықтың құрылысы.

Сонымен қатар, Жапонияның әйгілі «Hitachi» турбинасына жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – екіжақты келіссөздердің оң нәтижесі.

2035 жылға дейінгі аралықты қамтитын, 32 жобадан тұратын Жол картасы бекітілген болатын. Онда: қысқа мерзімді — жалпы құны 33,9 млрд теңгеге 6 жоба; орта мерзімді — 117,7 млрд теңгеге 12 жоба; ұзақ мерзімді — 135,1 млрд теңгеге 13 жоба қарастырылған.

Қазіргі таңда қысқа мерзімде іске асырылуға тиіс жобалар дайын. Олар: Орал қаласы мен Зашаған кентіндегі №1 және №2 қазандықтардың жылу желілерін жаңарту, 6 және 7-жылу магистралдерін қайта құру, Құрылысшы және Солтүстік-Шығыс шағынаудандарындағы ішкі жылу желілерін ауыстыру жобалары. Сондай-ақ жылу электр орталығындағы №3 турбоагрегат, үш жылу магистралі мен үш энергетикалық қазандықты жаңарту жобалары да әзірленіп жатыр.