Батыс Қазақстандағы шенеуніктерге артық істеген жұмысы үшін жүздеген сағат демалыс берілді

0
131

Ведомство мемлекеттік қызметкерлерді артық жұмыс істеуден қорғауға да ерекше көңіл бөледі.


Батыс Қазақстандағы шенеуніктерге артық істеген жұмысы үшін жүздеген сағат демалыс берілді

Батыс Қазақстан облысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген тексерулер нәтижесінде 2 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, жүздеген азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Сонымен қатар шенеуніктердің артық жұмыс істеу фактілері тіркеліп, қызметкерлерге 840 сағат демалыс қайтарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Батыс Қазақстан облысындағы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Мұрат Байсаловтың айтуынша, есепті кезеңде департамент 45 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 2 087 заң бұзушылық анықталған. Мемлекеттік органдарға 14 нұсқама беріліп, олардың басым бөлігі орындалған. Осы жұмыстардың арқасында 303 адамның құқығы қалпына келтірілді, олардың ішінде шағымы толық расталған 6 тұрғын бар. Жалпы азаматтардан 258 өтініш түскен.

Ведомство мемлекеттік қызметкерлерді артық жұмыс істеуден қорғауға да ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың кіру-шығу жүйелері "Е-қызмет" базасымен біріктіріліп, 118 мекеме тексерілген. Мониторинг нәтижесінде 194 шенеунік негізсіз түрде жұмыс уақыты аяқталған соң жұмыста қалуға мәжбүр болғаны анықталған. Әділдікті қалпына келтіру үшін жұмыс берушілерге қызметкерлерге жалпы 840 сағат, 35 күн демалыс беру ұсынылған.

Есеп кезеңінде Әдеп жөніндегі кеңес 5 отырыс өткізген. Қаралған 30 мәселенің көбі алдын алу сипатында болып, шенеуніктерге тәртіпті нығайту және жемқорлықтың алдын алу бойынша 90 ұсыныс берілген. Дегенмен жазасыз да қалмаған. 19 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 6 лауазымды тұлға Әдеп кодексін сақтамағаны үшін жеке жазаланған.

Сонымен қатар ведомство 9 әкімшілік хаттама толтырған. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары да назардан тыс қалмаған: жергілікті шенеуніктерге қатысты 5 жағымсыз жарияланым тіркеліп, олардың төртеуі тексеру барысында расталған.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген тексерулер жеке бағыт ретінде қаралған. Бұл жерде бұзушылықтар көлемі өте үлкен болып шыққан — 27 963 сапасыз қызмет көрсету фактісі анықталған. Ең көп қате үш салада тіркелді:

  • Ауыл шаруашылығы – 14 953 бұзушылық (53,4%);
  • Денсаулық сақтау – 7 917 бұзушылық (28,3%);
  • Жер қатынастары – 311 бұзушылық (1,1%).

Осы кезеңде Батыс Қазақстан облысы тұрғындарынан мемлекеттік қызмет сапасына қатысты 155 шағым түскен. Оның 25 жағдайында азаматтардың құқығы толық дәлелденіп, бұзылған құқықтары қалпына келтірілген.