Белгілі жазушы Кәмел Жүністегі өмірден өтті

0
641

Кәмел Жүністегі - 1939 жылы 27 қаңтарда Шет өңірінде, Ақсу-Аюлы селосында туған.


Белгілі жазушы Кәмел Жүністегі өмірден өтті

ERNUR.KZ. Белгілі жазушы, көпшілікке танымал өлкетанушы Кәмел Жүністегі өмірден өтті, деп жазады baq.kz.

Кәмел Жүністегі - 1939 жылы 27 қаңтарда Шет өңірінде, Ақсу-Аюлы селосында туған. 1960 жылы Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түскен. 1962 жылы қазақ жастары жасырын ЕСЕП-тің (Елін сүйген ерлер партиясы) ұйымдастырушысы ретінде саяси айыпталған. 1967 - 84 жылдары мектепте мұғалім, 1984-88 жылдары оқу бөлімінде, "Білім" қоғамында (1988), 1989-92 жылы мұражайда қызмет еткен. 1992 жылдан "Заман" газетінде редактор қызметін атқарған.

К.Жүністегі Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайратекері, С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері, "Дос көңілі", "Көне хикая", "Көксеу", "Көксеңгірдің тасында", "Соңғы Абыз", "Ұлы пайғамбар және ұрпақтары", "Шырағдан", "Қоңыр Құлжа", "Мөрші", "Арманым оттан өрілген", "Едіге", орыс тілінде "Вожак" «Адам, қайда барасың?» кітаптарының, "Құба белдер" трилогиясының, "Тар заман" спектакілінің авторы.

Зерттеу барысында құрастырып, жазған кітаптары: "Бір ауыз сөз", Шортанбай жырау "Қай заман", Хазірет Әлі "Меруерт қайнар".

Әуесқой композитор ретінде танымал "Арқа самалы", "Аяулым", "Домбыра", "Туған жер", "Жаз келді", "Жас алаш", маршы әндерін шығарған.

Өлкетанушы ретінде көпшілікке мәлім. Шет өңірінен шыққан ұмыт болған Шортанбай жырау, Диа қажы, Қақпан ақын, Төлеубек, Хасен, Жәкен, Тәшен, Маясар, Түсетай, Сәрінжіп, Оқа ақындардың шығармашылығын зерттеп, аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жариялады. Қыздарбек, Әбди, Сембек күйшілердің, Абылай ханның күйін зерттеуде көп еңбек еткен.

К.Жүністегі қандай шығарма жазбасын, қандай жиында сөз сөйлемесін, айтар ойының түпкі түйіні–ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрінің, әдет-ғұрыптың тиімді тұстарын қазіргі жастардың санасына сіңіріп, имандылыққа, жан тазалығына биік адамгершілікке шақыру. К.Жүністегі өлке тарихын зерттеу, насихаттау ісіне қыруар еңбек сіңірді. Кенесары ханның патша әскерлерімен соғыс алдында салдырған қамалының қалдығын тауып, сол жөнінде газет-журналдарға ғылыми мақалалар жариялаған.