"Белім мен бөксемнен ұстады": Талдықорғанда белгісіз ер адам кішкентай қыздарға тиіскен

0
352

Балалардың ата-анасы болған оқиғаны жергілікті жұртшылыққа айтып берді.


ERNUR.KZ. Талдықорғанда ата-аналар белгісіз біреудің қыздарына тиіскенін айтты. Белгісіз ер адам алты жасар баланың шалбарын шешпек болып, басқа қыздардың белі мен бөксесіне қолын тигізген, деп жазады stan.kz.

Балалардың ата-анасы болған оқиғаны жергілікті жұртшылыққа айтып берді.

"22 қыркүйекте 9-шағын аудан, 21-үйдің кіреберісінде белгісіз ер адам 6 жасар қызды зорламақ болған. Қыздың айтуынша, ер адам оның шалбарын шешпек болған кезде, подъезге бір адам кіріп келген. Сосын қызға тиіспек болған адам кіреберістен белгісіз бағытта жүгіріп қашып кеткен", – делінген хабарламада.

Дәл осы күні кешкі алтыда тағы да осындай оқиға орын алған. Ер адам сегіз, алты және үш жастағы қыздарымен бірге аулаға ойнауға шыққан. Бір кезде оған қоңырау шалып, асығыс жұмысына кеткен. Балалар алаңда ойнауға қалған. Ал аналары сәбиін тамақтандырып жатқан.

"Сағат 18:30-да қыздар үйге келді. Үлкен қызым турникке ілініп тұрған кезде, жанына бір жігіт келіп, белінен, бөксесінен ұстағанын айтты. Қызым оны танымайтынын жеткізді. Сосын ол қызымнан қайда тұратынын сұрапты. Қызым үйді көрсеткен екен. Сосын жігіт жақын жерде ойнап жүрген ортаншы қызымның жанына барып, белінен ұстапты", – дейді анасы.

Қыздардың айтуынша, ер адам қызыл спорттық күрте, қара шалбар және кепка киген.

Полиция оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Күдікті қала бойынша іздестіріліп жатыр.

"Барлық жеке құрам мен бөлінген күштер күдіктіні іздеуге жұмылдырылды. Сіздерден сабырлы әрі өте сақ болуды және балаларыңызды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Іс полиция департаментінің бақылауында. Қандай да бір ақпарат болса, 102 телефонына хабарласуларыңызды сұраймыз", – делінген Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарламасында.