Бензин мен дизель отыны бағасының өзгеруі үшін ешқандай негіз жоқ.
ERNUR.KZ. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазақстандық бензинді сыртқа шығаруды шектеу үшін қабылданатын шаралар туралы айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бүгінде Әділет министрлігі Энергетика министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, сондай-ақ Қаржы министрлігімен бірлескен бұйырықты тіркеуден өткізді. Онда ашық түсті мұнай өнімдерін және өзге мұнай өнімдері түрлерін Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен шығаруға шектеу шаралары қамтылған. Енді бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің басқа да түрлерін автоцистерналармен Қазақстаннан тыс шығаруға тыйым салынады», - деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, шектеу шаралары транзиттік автобустарға да қатысты болады.
«Сонымен қатар, отын құятын қосымша бактар қойылған жүк көліктері де тиісті жауапкершілікке тартылады, яғни аталған шектеумен қамтылады. Себебі көптеген жүк көліктері және транзитті автобустар отынды шетке шығару үшін жаңа қосымша бактар орнатады. Сондықтан енді тиісті шектеу шаралары іске асырылмақ», - деді министр.
Жеңіл көліктер үшін жанармай құюға шектеу болмайды. Алайда Қазақстаннан тыс шығарылатын канистрлер бақылауда болады
«Жеке автокөлік жанар-жағармай құю стансасына келіп, емін-еркін жиырма литрлік бір канистрге бензин толтыра алады. Ал егер көліктің жүк салғышында одан көп канистрлерге отын толтыратын болса, оған шектеу енгізіледі. Сондықтан биыл бензин мен дизель отыны бағасының өзгеруі үшін ешқандай негіз жоқ», - деді Бозымбаев.