Берлинде қазақстандық суретшілер көрмесі ашылды

0
2 257

Суретшілердің қазіргі буыны бейнелеу өнеріндегі жоғалып бара жатқан халық дәстүрлерін қайта жандандыруға тырысқан.


Берлинде қазақстандық суретшілер көрмесі ашылды

ERNUR.KZ. Берлиндегі "Бетаниян" суретшілер үйінде ҚР Ұлттық музейінің "Фокус Қазақстан" халықаралық жобасының "Астық және раушан гүлдер: қазақстандық суретші әйелдердің төрт буыны" атты екінші көрмесі ашылды, деп жазады BNews.kz.

"Астық және раушан гүлдер" - бұл 1945 жылдан бастап қазіргі таңға дейінгі қазақстандық әйел-суретшілердің төрт буынының жұмыстарына жасалған зерттеу нәтижелері. Кураторлардың айтуынша, көрме қазақ өнерінің және мәдениетінің жаңа көрінісін және әлемдік бейнелеу өнері тұрғысындағы олардың кең түсінігін ұсынады. Поляк-америкалық кәсіподақ қозғалысының көшбасшысы және әйелдер құқығының белсендісі Роза Шнайдерман ойлап тапқан "Астық және раушан гүлдер" термині әйелдердің теңдікке, мәдениетке және билікке деген құқығын, сондай-ақ өзекті қажеттіліктерді бейнелейді.

1930–1940 жылдар аралығындағы Қазақ КСР-ның күрделі тарихы және 1991 жылы тәуелсіздік алған уақыттан бері республиканың қарқынды дамуы еліміздің заманауи өнерінде айқын көрініс тапқан өзіндік идеялардың пайда болуына жол ашты. Көрменің кураторы Дэвид Эллиоттың айтуынша, көрме орыс авангардынан басталады, алайда экспозиция сәндік-қолданбалы өнер экспонаты — текеметпен ашылады.

"Авангардшылар өздерінің түрлі формалармен, композициямен және түсті таңдауда жасаған эксперименттерінде шынайылықтан алшақ кеткен, ал Қазақстанның халық шығармашылығында түрлі өрнек абстракцияның элементтері болған. Суретшілердің қазіргі буыны бейнелеу өнеріндегі жоғалып бара жатқан халық дәстүрлерін қайта жандандыруға тырысты", - деді ол.

Татьяна Глебова, Вера Ермолаева, Айша Ғалымбаева және Гүлфайруз Ысмайылова көрмеге суретшілердің аға буыны ретінде қатысуда. "Астық және раушан гүлдер" экспозициясының басым бөлігі 1980-90 жылдары пайда болған, бүгінгі күндері де дамып отырған өнерге арналған. Қазіргі заманғы өнердің осы "аналары", "әжелерінің" шығармашылығы елдің толағай тарихы мен жеке адамдардың көптеген теңдессіз оқиғаларын көрсетеді. Бұл әйелдер өз шығармашылығында дәстүрлі қазақ өнерінің, 1920-30 жылдардағы кеңестік авангардтың және социалистік реализмнің арасында өз шығармашылықтарын үйлестіріп, көпір салды.