55 жастағы ауыл тұрғыны 20 жылдан астам уақыт автобус жүргізушісі болып жұмыс істегені белгілі болды.
фото: видео кадры
ERNUR.KZ. Абай облысының Бестерек ауылында балаларды қағып кеткен Toyota жүргізушісі ұсталғаннан кейін адамдарды тани алмай қалған, деп жазады tengrinews.kz.
55 жастағы ауыл тұрғыны 20 жылдан астам уақыт автобус жүргізушісі болып жұмыс істегені белгілі болды. Оқиға болған күні оның талмасы ұстап, рөлге ие бола алмай қалған.
"Денсаулығы ауыр, бірақ қамауда. Талмасы ұстап қалып, қазір адамдарды тани алмай жатыр. Талмасы ұстағаннан кейін рөлді ұстай алмаған, жанында анам болған. Барлығы бір сәтте болды - бұл қайғылы жағдай. Біз көңіл айтамыз. Кешірім сұраймыз", - деді жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлы.
Ал осы уақытта Үржар ауданында жол апатынан қаза болған үш баланы соңғы сапарға шығарып салды. Бір отбасының екі қызы Жарма ауданы Жаңғызтөбе ауылында жерлеген. Екі жасар Нұрәділді Елтай ауылында жер қойнына тапсырды. Жаназада туған-туыстары, ауылдастары мен әкімдік өкілдері жиналды.Ал бір ана кенже ұлын соңғы сапарға шығарып сала алмаған. Ол Астанада жол апатынан аман қалған екі баласының жанында. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап, жансақтау бөлімінде қарап жатыр. Тағы бір тоғыз жастағы қыз аудандық ауруханада.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік авиация ұшағының бортында медициналық бригада ұшқан болатын. Кейін балалар Астанаға жеткізілді.
Не болған?
19 тамыз, сейсенбіде Бестерек ауылында Toyota автокөлігін тізгіндеген жүргізуші үйдің қақпасы маңында, жолдан 10 метр жерде тұрған балаларды қағып кеткен. Екі бала оқиға орнында, тағы бірі медициналық мекемеге барар жолда қаза тапты. Үш кәмелетке толмаған бала әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Үржар ауданы полиция бөлімінің мәліметінше, 55 жастағы жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Сараптама кезінде оның мас болмағаны анықталды.
Қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында полицейлер жұмыс істеп жатыр, қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайларын анықтау үшін барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқаны айтылды.