Құқық қорғаушы Дина Смаилова Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары бірнеше күн қатарынан зорлағанын айтты.
ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрлігінен жоғары лауазымды шенеуніктер Алматыға ұшып келеді. Олар жекеменшік мектепте зорланды деген бірінші сынып оқушысының оқиғасын зерттейді, деп жазады tengrinews.kz.
Ведомство мәліметінше, мектепке комитет төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен Білім және ғылым министрлігі басшысының балалар құқығы жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Раиса Шер барады.
"Бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстаймыз. Бүгін профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін жеке ұйымға тексеріс тағайындаймыз. Оқушының отбасына барып, қажетті көмек көрсетеміз. Балаға психологиялық көмек те көрсетіледі.
Тергеу нәтижесіне қарай шаралар қабылданады. Сараптама нәтижесін күтеміз. Құқық қорғау органдарымен байланыста боламыз", - деді Иманғалиев.
Еске салайық, бұған дейін құқық қорғаушы Дина Смаилова Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысын жоғары сынып оқушылары бірнеше күн қатарынан зорлағанын айтты. Полиция баланың әкесі арыз жазғанын растады.


