Бибігүл Нұрашева ​«БерӘлі Маңғыстау Компани» ЖШС-не қатысты құқыққорғау органдарына қоғамдық үндеу жасады

0
673


Бибігүл Нұрашева ​«БерӘлі Маңғыстау Компани» ЖШС-не қатысты құқыққорғау органдарына қоғамдық үндеу жасады

Еңбек құқығы саласының PhD докторы, Бибігүл Нұрашева «БерӘлі Маңғыстау Компани» ЖШС-не қатысты құқыққорғау органдарына қоғамдық үндеу жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Құрметті Берік Ноғайұлы!

Құрметті Асхат Жұмағалиұлы!

Құрметті Ермек Алдабергенұлы!

Өздеріңіз білесіздер ағымдағы жылғы 10 сәуірде Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан «БерӘлі Маңғыстау Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 100-ден аса бұрынғы жұмысшысы Астана қаласына келіп, Энергетика министрлігінің алдында өздерінің наразылықтарын білдіріп, түнеп шықты.

Келесі күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өкілдері наразы азаматтармен келіссөздер жүргізді, кездесу өткізді. Бірақ жаңаөзендіктер ұсыныстармен келіспейтінін айтып, кездесудің ортасынан шығып кеткен. Наразылық акциясын заңсыз жалғастыруына байланысты олардың барлығы полиция жасағымен ұсталды. Өз туыстарының, жерлестерінің ұсталғандығын естіген маңғыстаулық азаматтар өз облысы аумағында жиналып, оларға қолдау білдірді. Әсіресе, Жаңаөзен қаласында астаналық полицейлердің әрекетіне наразылардың қарасы қалың болды.
Шынын айтсақ, көз алдымызда өткен жылдың басындағы «Қаңтар» оқиғасы кезеңіндегідей жағдай бақылаудан шығуға жақын қалғандай көрініс қалыптасты. Қазіргі таңда Астанаға келген жаңаөзендіктерге қатысты ел азаматтары арасында түрлі пікірлер айтылуда.

Мен, еңбек құқығымен ұзақ жылдар айналысқан маман ретінде, бұл жағдайға ерекше көзқараспен тиянақты әрі дәлелді тергеу қажет деп есептеймін. Өйткені, қарапайым жұмысшылардың құқығы жан-жақты бұзылу фактілерінің орын алуына негіз бар. Менің ойымша, «БерӘлі Маңғыстау Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы тендерден ұтылып қалып, екі ортадағы қарапайым жұмысшыларды пайдалану арқылы тендер нәтижесін жойып, жұмыс көлемін өзіне алғысы келгендігі туралы болжам құзырлы органдар тарапынан тексеруді қажет етеді. Мекеме басшылығы мұндай құйтырқы әдіске жүгінуі әбден мүмкін деген ойдамын.

Дәл осылайша “Өзенмұнайгаз” АҚ тарапынан да осы тендерді өткізу кезінде орын алуы мүмкін заң бұзушылық фактілері тексерілуі тиіс. Әрине, жағдайдың ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтауы керек.

Сол үшін мен – Қазақстан Республикасының азаматы, ел тағдырына алаңдаушы қоғам белсендісі ретінде «БерӘлі Маңғыстау Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты арнайы тексеріс ашылуын және құқық қорғау органдары мән-жайдың ақ-қарасын ажыратып, ақиқатын жариялауын СҰРАЙМЫН және ТАЛАП етемін! Бастысы еліміздің тыныштығы, қарапайым жұмысшылар компаниялардың қара басының мүддесі үшін құрбан болмауы тиіс!

Бұл тексерісті жүргізу процесіне мені қатыстырса, қарсы емеспін. Себебі еңбек дауына құқықтық баға беру, еңбек дауын алдын алу бұл менің жұмысым. Керек болса сіздерге де кері байланыс ретінде тексеріс нәтижелерімен бөлісемін.

Құрметпен, еңбек құқығы саласының PhD докторы Бибігүл Нұрашева", - деп жазған парақшасында.