Жаңа заңға сәйкес аудандық және қалалық білім бөлімдері облыстарға берілмек.
ERNUR.KZ. Биылдан бастап білім басқармасы басшыларын тағайындау және босату тәртібі өзгертілді. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты, деп жазады baq.kz.
2020 жылдан бастап білім басқармасы басшыларын тағайындау және босату тәртібі өзгертілді. Өйткені 2019 жылғы 27 желтоқсанда президент Қ.Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңына қол қойған болатын.
Енді жаңа заңға сәйкес аудандық және қалалық білім бөлімдері облыстарға берілмек. Сондай-ақ білім беру бөлімдерін беру заңды тұлғаның мәртебесін сақтай отырып жүзеге асырылады.
Биылдан бастап басшыларды тағайындау және босату ҚР білім және ғылым министрлігінің келісімі бойынша жүзеге асырылатын болады. Өз кезегінде білім басқармалары министрліктің келісімі бойынша білім бөлімдерінің бірінші басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады. Ал аудандық және қалалық білім беру басқармаларының басшыларын тағайындау облыстық басқармамен келісіледі, - дейді Бибігүл Асылова.
Бұл ретте аудан әкімдігінің келесі құзыреті сақталады:
• жетім балаларды міндетті түрде жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;
• түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
• ауылдарда білім беру ұйымдарына жұмысқа келген жас мамандардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
• оқушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру мәселесін қарастыру.
Сондай-ақ, жеке меншік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру рәсімі өзгереді.
Оның айтуынша, жаңа заң арқылы білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарын қаржыландыруды аудандық деңгейден облыстық деңгейге ауыстыруды көздеп отыр.
Білім беру ұйымдарын қаржыландыру өңірлердегі облыстық бюджеттен тікелей бөлінеді. Ал аудандық, қалалық білім бөлімдерін дербес заңды тұлға ретінде қаржыландыру жалғасады. Бірақ барлық бюджеттік қаражатты реттеу жұмыстары орталықтандырылып, облыстық бюджеттен жүзеге асады. Қазір барлық деңгейде - мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғарғы білім беруде жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру жүріп жатыр. Бұл білім беру ұйымдарындағы қаржыландыру процесін оңтайландырады және білім беру сапасын жақсартады, - дейді вице-министр.