Президент тапсырмасымен соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституцияда еліміздің даму болашағын айқындайтын аса маңызды стратегиялық бағдар ретінде бекітілген инновацияларды дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев институционалдық базаны қамтамасыз ету, ғылымға инвестиция тарту және отандық әзірлемелерді өндіріске енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» компанияларының басшылары, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының әкімдері баяндама жасады.
«Ғылым мен инновацияны дамыту жаңа Конституцияда мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында инновациялар еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалғанын атап өтті. Экономика салаларындағы жетістіктер мен табыстардың дені инновациялық дамудың ауқымы мен қарқынына тікелей байланысты. Инновациялар еңбек өнімділігін арттыруға және жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға негіз болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Президент тапсырмасымен соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. Мемлекет ғылым мен инновацияны дамыту үшін қолайлы жағдай жасап жатыр.
- Елімізде осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ғылыми әзірлемелерге салынатын жеке инвестицияларды ынталандыру үшін шығыстардың 300%-ына дейін елеулі салық жеңілдіктері қаралған.
- Бюджет кодексінде жер қойнауын пайдаланушылардың кен өндіруге жұмсалатын шығыстарының 1%-ын ғылым мен инновациялық технологияларды дамыту үшін бюджетке тікелей жіберу міндеті бекітілді.
- Инновацияларды венчурлік қаржыландыру құралдары кеңейіп, технологиялық брокерлік пен бизнес-акселерацияны қолдау шаралары күшейтілді.
- Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру үшін түрлі қаржы құралдары енгізілуде.
- Коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру аясында бизнестің ең төменгі қосымша қаржыландыру үлесі айқындалды. Ол жалпы грант сомасының кемінде 25%-ын құрауы тиіс.
Елімізде өңірлік ғылымды дамыту үшін құқықтық және бюджеттік база құрылды. Ғылыми жетістіктер көрсеткіші аймақтарды дамыту жоспарларына енгізілді. Премьер-министр оны, сондай-ақ облыстармен қатар әкімдердің де рейтингтеріне қосуды тапсырды.
Жуырда қабылданған Ғылымды шоғырландыру аумақтарын құру тұжырымдамасы технологиялар мен инновациялардың дамуына тың серпін береді. Олардың қатарында Курчатовтағы ғылыми қалашықты, сондай-ақ Алматыдағы Ядролық физика институты мен Астанадағы «Назарбаев университеті» базасындағы екі технологиялық парк бар.
Барлық әкімдіктерте әр облыстың нақты салалық ерекшеліктерін ескере отырып, өңірлік инновациялық жүйелердің қалыптасуы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету тапсырылды. Салаға инвестицияны еселеп арттыру, соның ішінде жеке кәсіпорындар мен отандық бизнестің есебінен жүзеге асыруды қолға алып, инновация субъектілері арасындағы ұзақ мерзімді байланыстарды дамытуға баса назар аудару қажет.
«Мемлекет басшысы жақында өткен ғылыми қоғамдастықпен кездесуінде ғылымды қаржыландыру мен жаңа технологиялар енгізуден нақты нәтиже күтетінін баса айтты. Ғылым министрлігі Ғылым академиясымен, ғалымдармен және бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, бір ай ішінде ғылыми-инновациялық қызметтің тиімділігін арттыру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын дайындауы қажет. Бұл құжатта нәтижеге негізделген көрсеткіштер, цифрландыру бойынша шаралар және барлық қатысушылардың жауапкершілігі айқындалуы тиіс», — деп атап өтті Премьер-министр.
Өңір әкімдіктеріне ғылым мен инновацияларды қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайтып, оны 2029 жылға қарай жалпы өңірлік өнімнің кемінде 1%-ына жеткізу тапсырылды. Бұдан бөлек, 2035 жылға қарай инновациялық өнімдердің үлесін жалпы ішкі өнімнің 3%-ына дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін инновация саласында бірқатар жүйелі мәселелерді шешу керек.
Атап айтқанда, соңғы жылдары бұл сала институционалдық жүйесіздік жағдайында дамып келді, өңірлер тарапынан өз бетінше жұмыс жүргізілмегені көрініп отыр. Сондай-ақ инновациялық жүйеге қатысушылар арасында басымдықтардың тым көп екендігі де байқалады. Өнеркәсіптік кәсіпорындар, ғылыми ұйымдар мен салалық министрліктер даму бағыттарын әрқайсысы өз алдына айқындайды. Жалпы мемлекеттік деңгейде біртұтас нақты бағыт жоқ. Бұл жұмыстың тиімділігін төмендетеді. Мысалы қолданбалы ғылымға бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру көлемін өсіру оның тиімділігін жақсартпайды.
«Қолданбалы зерттеулер мен экономикалық үдерістерді жүйелі түрде сабақтастыру, өндірісті оқшаулау мен жаңғыртуды ынталандыру, экспортқа бағдарланған технологияларды дамыту қажет. Бізге жекелеген идеялар мен тәсілдер емес, инновациялардың өнеркәсіптік әлеуетті дамытуға нақты үлес қосқаны қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық ведомстволар мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
- Ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 күндік мерзімде саланы ведомствоаралық үйлестіру және технологиялық басымдықтарды әзірлеу үшін Үкімет жанынан инновациялық штаб құру тапсырылды. Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық ететін Штаб бастапқы идеядан өнім шығаруға дейінгі өндірістік кезең бойына инновациялық экожүйенің барлық қатысушыларының күшін жұмылдыруды қамтамасыз етуі тиіс. Кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін ынталандыру үшін осы жылдың 1 маусымына дейін барлық өндіріс орындарының инновациялық қызметі мен технологиялық даму жағдайына кешенді түрде түгендеу жүргізу керек.
- Ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 маусымына дейін нақты басым салалар мен технологияларға назар аудара отырып, Инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.
- Ғылым және Жасанды интеллект министрліктері салалық министрліктермен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 шілдеге дейін инновациялық жобаларды тіркеп, қолдау көрсетуге және мониторинг жүргізуге арналған «бірыңғай терезе» жұмысын қамтамасыз ететін цифрлық платформаны іске қосу тапсырылды. Сонымен қатар әзірлеушілер, технологиялар және әлеуетті инвесторлар туралы мәліметтерді қамтитын инновациялық жобаларлың жалпыға қолжетімді ұлттық тізілімін құру қажет. Үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.


