"Орта білім беруді жаңғырту" жобасына Дүниежүзілік банктен 67 миллион доллар бөлінген
ERNUR.KZ. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі "Орта білім беруді жаңғырту" жобасын іске қосты. Аталған жоба Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісім аясында жүзеге асырылмақ. Бұл туралы бүгін білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді, деп жазады Sputnik.
"Орта білім беруді жаңғырту" жобасы білім сапасын жақсартуға, орта білім жүйесінде теңдік пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Суханбердиеваның айтуынша, осы мақсаттарға қол жеткізу үшін 75 миллион доллар бағыттау көзделіп отыр. Қаражаттың басым бөлігі, яғни 67 миллион доллар Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынған қарыз. Ал қалған 8 миллион доллары республикалық бюджеттен қарастырылған. Жобаны бес жылда жүзеге асыру жоспарланып отыр.
"Қаржыландырудың жалпы сомасының 60%-ке жуығы бес мыңнан астам ауыл мектебін мультимедиялық жабдықпен қамтамасыз етуге бағытталған. Біздің елімізде қазір 7 014 мектеп бар, соның бес жарым мыңнан астамы – ауылдарда. 75 миллион доллар, ең алдымен, деректер базасын жаңарту мен ауыл мұғалімдерін оқытуға жұмсалады", — деді Суханбердиева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Суханбердиева Дүниежүзілік банктен алынған қарыз 17 жыл ішінде қайтарылатынын атап өтті. Пайыздық мөлшерлемесі – 2%. Оның айтуынша, жобада педагогикалық білімді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінген. Педагогика мамандықтары бойынша 30 жаңа білім бағдарламасы мен болашақ мұғалімдерді даярлаудың жаңа моделі әзірленеді. Сонымен қатар, инклюзивті білім беруге қолдау көрсетілмек. Жобаны басқару тобының үйлестірушісі Жайық Сұлтанның айтуынша, Қазақстан мен Дүнижүзілік банк арасында келісім жасалғанда, бір доллар 360 теңге тұрған.
"Осы ережелерді сақтай отырып, қарыз бір доллар 360 теңге болған кездегі бағаммен қайтарылады", — деді ол.
Сұлтан ірі жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық банктерден қарыз алу әлемдік тәжірибеде баяғыдан барын атап өтті.
"Дүниежүзілік банк дамып жатқан елдерді қаржыландырады. Біздің мақсат – ең дамыған 30 елдің қатарына кіру. Аталған жоба да осы мақсатпе қаржыландырылып отыр",- деді ол.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктен қарыз алу мәжіліс пен сенатта талқыланып барып қабылданған шешім.