"Әкемнің бірінші әйелінде кеткен ұлын іздесем бе екен?"

0
280


Сурет: i.pinimg.com

Біздің халықта қыздың төркініне жиі баруы аса құпталмайды. "Төркіншіл қыз" деген жақсы ат емес деп түсінеміз. Төркініне көп баратын келінге де жақсы сөз айтылмайды. Бүгінгі күнге дейін қалыптасып қалған көзқарас солай. Бірақ бұл дұрыс па?

Мұндай сұрақ қоюымызға ERNUR.KZ порталына жолданған келіншектің хаты себеп.


"Бала кезімнен ерке өстім. Ата-анам мені бір де бір рет бетімнен қаққан емес. Әкем «қырқымда көрген жалғыз қызым» деп мәпелеп, ерке қылып өсірді. Анамның айтуынша, әкем бір рет үйленіп ажырасқан. Бірінші некесінен ұлы бар. Ол ұлды біз танымаймыз. Әкем бірінші әйелімен ажырасқанда баладан тірідей айырылып қаламын деп ойламаса керек. Қысқасы әкемнің бұрынғы әйелі баланы алып төркініне кеткен соң, баланы көрсетпей қойған. Қанша артынан іздеп барса да таба алмапты. "Басқа қалаға көшіп кеткен" деп бұрынғы қайын жұрты да жолатпаған. Сөйтіп, ұлынан ажырап қалған екен. Сол бір өкінішінің орнын толтырғандай болып өмірге мен келгенде әкемнен бақытты адам болмаған сияқты.

Ерте, он сегіз жасымда тұрмыс құрдым. Ол кезде өзім бойжеттім деп ойлағанмен, әкем әлі бала көретін. «Неге үйден ерте кетуге асықтың?" деп қатты ренжігені бар. Жастықтың буымен ата-ананың жүрегі қаншалықты қан жылағанын сезбейді де екенбіз ғой. Жалғыз қызы болғандықтан шығар, мен тұрмыс құрып кеткесін екеуі біраз құса болған екен. Мен үшін жан беруге де дайын.

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөз бар емес пе? Қазір екі балам бар, үшінші перзентіме аяғым ауыр. Жүктілігім өте ауыр өтеді. Ішіп-жеуден қаламын. Ұйқыны да ұмытамын. Аяқ-қолым ісіп, көкірегім сыздағанда жанымды қоярға жер таппаймын. Анамның мені дүниеге әкелгенде қалай қиналғанын мен өз басымнан өткізген соң түсініп отырмын.

Төркіміне әр барған сайын жүрегім сыздайды. Қартайып бара жатқан ата-анама қарап мұңайып қайтамын. Олардың екеуі ғана тұратыны, қартайғанда күтіп-бағар, қол-аяғын ыстық суға салар, ас-суын дайындап беретін ешкімнің болмағаны жаныма батады. "Ауырып қалып, қасында қарайтын ешкім болмай, соның кесірінен олай-бұлай боп кетсе не болады?" деген ойдан жүрегім қақ айрылады.

Оларды бар кезде бағалап, қадірлегім келеді. Маған сіңірген еңбектерін өздеріне қайтарғым келеді. Бірақ оған мүмкіндігім жоқ. Өз қолымызға алуды күйеуіме жайлап айтып көріп едім, келіспейтінін білдірді. "Өз әке-шешем бар, төртеуі қалай бір үйде тұрады? Бір-бірінен ыңғайсызданады ғой. Туған баласы болмаса да, ағайын-туысы бар, бір қауым ел, қарайтын біреу табылар" деді де қойды.

Төркініме жиірек барып, үйді жинап, тамақтарын дайындап беріп кеткім келеді. Бірақ бара алмаймын. Балаларым бар, жолдасым, ата-енем бар. Әрқайсының көңілін тауып, жағдайларын жасауым керек. Үйдің тірлігі бітсін, ертең-арғы күні деп жүргенде арасы ұзап кетеді.

Осы нәрсе өзегімді өртеп барады. Ұл болып туғанымда қолдарында тұрып, алақанымда аялап өтер едім.

"Әлде әкемнің бірінші әйелінде кеткен ұлын іздесем бе екен?" деген ой келіп жүр соңғы кездері. "Іздегенде, таба аламын ба? Тапқан күнде де, ары қарай қалай болады? Әке-шешемді қолына алуға әлде қарайласуға келісер ме екен? Мені бақпаған адам маған әке емес деп жүрегін одан сайын ауыртса ше?" деген сияқты күмәнді ойлар жеп қояды."